Травматологияда бекітпе құралдарға мол қаржы бөлінуі тиіс - маман

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде травматологтар мен ортопедтердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болды. Травматолог дәрігер Серік Исаев соңғы жылдары жарақат алатын адамдар саны артып, бекітпе құралдарының жетіспеушілігі сезілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияда жарақатты таңу, сүйекті бекіту, гипс салу секілді жұмыстарды атқару, асқынудың алдын алу, қарттықпен бірге келетін буын ауруларын емдеу жайы талқыға түсті. Әсіресе, елімізде жол-көлік апаты кезінде жарақат алып, көз жұматындар қатары артып келеді. Сондықтан бұл салаға жіті назар аударып, қосалқы бөлшектер, яғни, бекітпе құралдары мен бұрандаларға мол қаржы бөлу ұсынылды.

«2010 жылдан бастап Ақтөбеде травматология мен ортопедия бөлімі жұмыс істеп тұр. Өзіміз тізе, жамбас буындарын ауыстырып жүрміз. Барлығы 500-ден астам ота жасалды. Бізде қажетті аппараттар мен арнайы кереуеттер бар. Бірақ жарақат алған адам саны көбейіп, сүйектердің бекітпе құралына сұраныс артты. Біз дәрімен емдемейміз, сондықтан осы бағытқа қосымша қаржы бөлсе деген ұсыныс бар»,- дейді травматолог дәрігер Серік Исаев.

null 

Айта кетейік, конференцияға Германия, Түркия, Польша, Сербия , Австрия, Қытай секілді 10 елдің үздік дәрігерлері қатысып, тәжірибе алмасады. Өңір басшысы көшпелі Еуропа конгресін алдағы жылдары Ақтөбеде өткізуге ұсыныс жасады.

«Өткен жылы 6 елдің ортопедтерін қосып, конференция өткіздік. Биыл 10 елдің травматологтары келіп, тәжірибе алмасып жатыр. Енді 2019 немесе 2020 жылы травматологтар мен ортопедтердің көшпелі Еуропа конгресін өткізуді ұсынамыз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл сайын елімізде 2400 адам жол-көлік оқиғасында алған жарақатынан көз жұмады. Ал 23 мың адам түрлі жарақат алады. Барлығы 800 адам алған жарақатынан мүгедек болып қалады.
null 

«Бүгінгі конференцияда шеберлік сабағы өтіп, 7 ота жасалады. Тізе буынындағы байламаларды қалпына келтіру және эндопротезден кейінгі асқынуды жою, омыртқаға протез қоюдың жаңа әдістері көрсетіледі. Облыста 70 кереуеттік стационар бар. Ол жеткілікті»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. 

 

Соңғы жаңалықтар