Трансшекаралық суларды пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясы кеңесінің сессиясы өтеді

None
None
ТҮРІКМЕНБАШЫ. ҚазАқпарат -  Елордада Трансшекаралық сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясы тараптары кеңесінің сегізінші сессиясы өтеді. Бұл туралы бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Президенті  Орталық Азияның трансшекаралық су ресрустары өңірдің барлық халқының игілігі әрі ортақ байлығы екенін атап өтті. Сондықтан су ресурстарын ақылға сиымды және әділ пайдалану миллиондаған адамның тағдырына тікелей әсер етеді, өңірдің тұрақтылығы мен әл-ауқатының артуына септігін тигізеді.

«Сондықтан өңір мемлекеттерінде бұл салаға қатысты түрлі тиімді идеялар мен нақты жобалар бар. Олар әлемдік қоғамдастықтың назарын Арал теңізі бассейнінің проблемасын аударуға және оларды шешу жолдарын іздеуге септігін тигізеді», - деп атап өтті Елбасы.

Мәселен, Мемлекет басшысының дерегінше, түрікмен тарапының бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен Арал теңізі бассейні елдері үшін БҰҰ-ның арнайы бағдарламасын қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр. Ал тәжік тарапының бастамасымен БҰҰ Бас ассамблеясы 2018 жылды «Тұрақты даму үшін су» іс-қимылының халықаралық онжылдығы деп жарияланған. Өзбек тарапы осы жылдың маусымында Ташкентте Ортаазиялық халықаралық экологиялық форум өткізген. Қырғыз тарапының бастамасымен «Шу мен Талас өзендері бассейндері үшін іс-қимылдың стратегиялық бағдарламасы» әзірленген.

«Өз кезегінде, Астана ағымдағы жылдың 10-12 қазанында Трансшекаралық сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясы тараптары кеңесінің сегізінші сессиясын қабылдайды. Бұл шара алғаш рет Еуропадан тыс жерде өтетін болады және бұл  тақырыптағы жалпыөңірлік күш-жігер себетіне өз үлесін қосады. Шараға 160 елдің өкілі қатысады деп күтілуде. Осы сәтті пайдаланып, аталған форумның жұмысына белсенді қатысу үшін сіздердің де делегацияларыңызды шақырамын», -  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар