Трансшекаралық өзендер: Балқаштың маңына АЭС салу үшін Қытай келісім беруі керек

Фото: Фото: criptoaldia.com
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2030 жылға қарай Қазақстандағы өзен ағыны 102 текше шақырымнан 99,4 текше шақырымға (бұдан былай – км3) дейін қысқаруы мүмкін. 2000 жылы бұл көрсеткіш 120 км3 болғанын ескерсек, кейінгі 20 жылда Қазақстанда шөлейттену процесі батпандап жүріп жатқанын көруге болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, суы тартылып жатқан өзендер ғана емес, көл мен бұлақтардың жағдайы да мәз болмай тұр. Бұл ресми мәліметтер кейінгі 20 жылда экология белсенділері мен ғалымдардың босқа дабыл қақпағанын көрсетеді. Мемлекеттік орган сол дабылдардың растығын нақты дерекпен растап отыр.

Адамға қажет суды табиғаттың аузынан жырып алып отырмыз

Кейінгі 2-3 жылдың көлемінде Қазақстанның батысы мен оңтүстігіндегі тұрғындар жазды күйзеліспен өткеріп жүр. «Жаздың бір күні – қыстың мың күні» екенін ескерсек, қорадағы мал мен күріш, мақта алқаптарына, одан қалса, бау-бақшаға қарап отырған мыңдаған отбасы құрғақ жаздың салдарын айлап, жылдап еңсеруге мәжбүр. 2030 жылға қарай елдегі ылғалдың негізгі көзі саналатын өзендердің ағыны қазіргіден 3 км3-ға азайса, онсыз да сусап отырған ауылдардың жағдайы не болмақ? ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышевтің сөзіне қарағанда, енді 7-8 жылдан кейін елдегі өзен суының тапшылығы 23 км3-ға жетуі мүмкін. Вице-министр бұл жағымсыз болжам айнымай келгеннің өзінде халық ауызсудан тапшылық көрмейтінін айтады. Бірақ зардабын өзендердің алабында тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктер шекпек. Яғни, адамның ауызсуға деген қажеттілігі флора мен фаунаның есебінен өтеледі деген сөз.

Мұндай тәсіл ауызсудың тапшылығын қысқа мерзімде шешкенімен, оның жалпы экологияға ұзақ мерзімді салдары бар екенін түсіну қиын емес. Сондықтан да қазір министрлік суды көп тұтынатын күріш пен мақта алқаптарының ауқымын азайтуға күш салып жатыр. Күріш, мақта шаруашылығына ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу қымбат болғандықтан, одан әлдеқайда арзан әрі арнайы білім-білікті талап етпейтін кетпен тұрғанда алқап иелерінің жаңа технологияға шығындалуға құлқы да, әлеуеті де жоқ болғандықтан әкімшілік тетікті қолданудан басқа амал болмай тұр. Суды мейлінше көп шығындайтын алқаптардың көптігі трансшекаралық өзендерден келетін судың лимитін белгілейтін халықаралық келіссөздер кезінде аяққа оралғы болатыны тағы бар. Ал негізгі табыс көзі болған күріш пен мақта алқабынан қағылған халықты жұмыспен қамту өз алдына бөлек тақырып...

Қуаңшылық циклі қашан бітетіні белгісіз

Шөлейттену демекші, трансшекаралық өзендерден келетін судың көлемі туралы әңгіме қозғалса болды, Орталық Азия мен Орал тауының аумағында қуаңшылық циклі өтіп жатқаны туралы уәждер айтыла кетеді. Мұның ғылыми зерттеулермен дәйектелген негіздемесі бар ма? Нақты қандай зерттеудің қорытындысына сүйеніп айтылып жүр? Бұл циклдің бітетін кезі бола ма? Халықтың көкейіндегі осы сұрақты министрлікке қойып көрдік.

«Соңғы жылдары Қазақстанның территориясында су аз жылдар циклі өтуі байқалуда. Әрбір трансшекаралық өзен бойында су деңгейін және шығынын қадағалайтын гидробекеттер бар екені мәлім. Оған жыл сайынғы жауын-шашынның мөлшері, қар жамылғысының қалыңдығы, топырақтың су сіңіру көрсеткіші, сырт елден ағып келген су мөлшері әсер етеді. Көпжылдық орташа су көлемдерімен салыстырғанда соңғы жылдары Жайық, Сырдария, Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде су аздығы өте байқалады.

Сонымен бірге, климаттың өзгеруі белгісіздік факторларына көбірек әсер етеді. Осыған байланысты су аз жылдар циклдерінің басталуы мен аяқталуын нақты анықтау мүмкін емес», - деген жауап алдық.

Мұздықтар мәңгілік емес

Қуаңшылық циклі дегенде еске түседі, мұхит немесе ашық теңізге шығар жолы жоқ Қазақстан сияқты елдердің су шаруашылығы тау мұздықтарына тәуелді. Белгілі эколог Мэлс Елеусізовтің «мұздықтарды бояйық» деген ұсынысы кезінде күлкілі болып көрінгенімен, астарында жан бар болатын.

«Мэлс Елеусізовтің Іле Алатауының тауларын әктеу, қараңғы жерлерді ақ түске боялғандықтан, күн энергиясының 85 пайызын, ал қардың 56 пайызын шағылыстыру бойынша ұсынысы жүзеге асыру қиындығы және зерттелмеуі салдарынан қолдау таппаған», - дейді Талғат Момышев.

2014 жылы Қазақ-алман университетінің ғалымы Болат Зубаиров Іле-Балқаш бассейнінің мұздықтарына зерттеу жүргізді. «Мұздықтары кеміп келе жатқан Іле өзенінің мысалындағы су қауіпсіздігінің проблемалары» атты еңбегінде өзеннің Алатаудағы мұздықтарының 1955-2008 жылдар аралығында қалай мүжілгенін баяндайды. Ол үшін ғалым Қазақстан мен Қытай География институттарының деректерін, ALOS, IKONOS, IRS, Landsat 7 ETM+ форматындағы космостық түсірілімдерді таразылап шыққан.

«Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздықтар көлемі 1955-2008 жылдар арасында 41 пайыз азайып, жыл сайын 2,2 текше шақырым су жоғалтып отырған. Жетісу Алатауының оңтүстігі мен Іленің Қытай аумағындағы мұздықтарында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Мұздықтардың кемуі өзеннің ағысына тікелей әсер етеді. Мұздықтар деградациясы аяқталған кезде Іленің су қоры 10-15% азаяды. Яғни, жылдық су қоры 2,26 текше шақырымға кемиді. Балқаш көлінің 67 пайызын Іледен келген су толтырып тұр. Ал Іленің 70 пайызы Қытайдан ағып кіреді. Мұздықтардың мүжілуінсіз-ақ, ғаламдық жылу бізді айналып өткеннің өзінде антропологиялық әсер Ілеге ауыр тиеді. Су тапшылығына байланысты Қытай тарабы Қаш, Күнес, Көксу өзендерінің суын көрші бассейндерге бұру жоспарына көшті. Көксу бөгеті салынып жатқандықтан, келешекте Іледен Көксу өзеніне құятын судың мөлшері де азаюы мүмкін», – деп жазады Болат Зубаиров.

2020 жылы Су ресурстары комитетінің тапсырмасымен республикалық мұздықтар каталогы жасалды. Оған 1615 мұздықтың морфологиялық, географиялық және физикалық көрсеткіштері қоса енгізілген.

«Бүкіл дүние жүзіндегідей біздің елде де мұздықтардың еру тенденциясы байқалуда. Сондай-ақ, қазір әлемде мұздықтарды құтқарудың бірнеше нұсқасы қарастырылуда. Мысалы, тәжік сарапшылары Памир мұздықтарының еруінің теріс салдарын барынша азайту үшін Тәжікстанда жаңа су қоймалары желісін құруды ұсынуда. Немістер Швейцария мұздықтарының еруін 15 метр және биіктігі 3 метр болатын алып диаметрлі эксперименттік экранмен тоқтатуға тырысуда. Жоба авторлары экран мұздықты тікелей күн сәулесінен қорғайды, сонымен қатар суық мұзды, ауаны сақтайды деп сенеді. Аустриялықтар Альпіде полипропиленді қолданды, ол күн энергиясының 71 пайызын ұстап қалатын көрінеді. Бұл Альпі мұздықтарының еруін азайтуға мүмкіндік берді деген сенім бар. Аталған тәсілдерді елімізде қолданар алдында жан-жақты зерделеуді қажет етеді және осы елдерде қолданыс нәтижелерін сараптау өткізген соң мүмкін деп ойлаймыз», - дейді вице-министр Талғат Момышев.

«Қытай Ертістің бойына неше нысан салғанын білмейміз»

Қазақстанда төрт бірдей аса ірі трансшекаралық өзен бар. Оның екеуі бастауын Қытайға тиесілі аумақтан алса, біреуі Ресейден, біреуі Өзбекстаннан ағып кіреді.

«Ертіс бассейнінің шегінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында 191 су шаруашылығы объектісі орналасқан. Республикалық меншікте 86 су шаруашылығы объектісі, оның ішінде 8 су қоймасы, 16 су торабы, 59 канал, 3 шлюз бар.

Ертіс бассейнінің Павлодар облысы аумағында 30 тидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде 26 гидротехникалық құрылыс Павлодар облысының аумағында, екеуі Қарағанды облысында, екеуі Ақмола облысында орналасқан.

Қытай Халық Республикасы территориясындағы гидротехникалық нысандардың саны белгісіз», - деп жазылған Экология министрлігінің редакция сауалына жолдаған жауабында.

Ертіс бізден өтіп Ресейге баратындықтан, бастауында болып жатқан әрбір жайтқа орыс ғалымдары көз салып, құлақ түріп отырады.

Ертістің Қытай жағындағы бөлігінде халықтың қоныстану тығыздығы қолдан көбейтіліп жатыр. Қытай кейінгі жарты ғасырда Ертістен алатын судың мөлшерін 5 есе көбейтті деген мәліметтер бар. Мұны айтып жүрген де ресейліктер.

Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің профессоры Дмитрий Козловтың «Ертіс бассейніндегі су ресурстарын пайдалану және өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың келешегі» атты зерттеуінде Қытайдан Ертіс арқылы Қазақстанға жылына 6,3 текше шақырым су кіріп жатқанын айтады. Ғалымның дерегіне сенсек, 1990 жылы Қытай Ертістің 1 млрд текше метр суын шығармай бұрып алған. Ал 2020 жылы бұл қажеттілік 3 млрд текше метрге жететінін болжаған. Дмитрий Козловтың пайымдауынша, Қара Ертіс-Қарамай, Ертіс-Үрімжі каналдарының жобалық қуаты жыл сайын 4,24 текше шақырым суды Ертістен бұрып әкетуге арналған. Бұл сумен Қытайдың шөлейтті аймағындағы 2 млн гектар жерді егіске айналдыруға болады.

«Ертіс өзені ағынының орташа көп жылдық көлемі 33,66 км3 құрайды. Оның ішінде ҚХР аумағында 7,78 км3 қалыптасады. Көп жылдық орташа деректерге сүйенсек, 2001-2021 жылдар кезеңінде «Боран» гидрологиялық жармасында судың түсуі 8,3 км3 құрайды. Жалпы, Ертіс өзені бассейні бойынша Қытай тарапынан ағынның айтарлықтай қысқаруы байқалмағанын атап өтуге болады. Қазіргі уақытта ҚХР-дан келіп түсетін Ертіс өзені бойынша ағын көлемі жылдам қарқынмен төмендейтін алғышарттар жоқ», - дейді министрдің орынбасары.

Ертістің Қытай бетіндегі жылдық ағыны туралы өткен ғасырдың аяғында жазылған дерек қолымызға түскен болатын. «Алтай аймақтық партия тарихы» жергілікті шежіре кеңсесі құрастырған «Алтай аймағының жалпы жағдайы» атты кітапты қытайшадан Жәмшат Бәжікбайұлы мен Ақат Қапсеметұлы аударып, 1989 жылы төте жазумен басып шығарыпты.

«Ертіс өзенінің жылдық орташа ағын мөлшері 11 млрд 900 млн текше метр. Бүкіл аймақтағы (Алтай аймағы – ред.) өзендердің жылдық ағын мөлшерінің 91,5%-ын ұстайды. Ағын мөлшері жағында Іле өзенімен деңгейлес. Автономиялы районымызда (Шыңжан-ұйғыр автономиялық өлкесі) екінші үлкен өзен. Суы бүкіл Шыңжанның су мөлшерінің жетіден бір бөлігін ұстайды», – деген жолдар бар сол кітапта.

Енді осы деректі Экология министрлігінің мәліметімен салыстырып көрейік. Ведомствоның дерегінде өзеннің Қытайдағы бөлігінде 7,78 км3 су қалыптасатыны айтылса, 33 жыл бұрын Қытайдың өзінде шыққан кітапта бұл көрсеткіш 11,9 км3 шақырым екені айтылған. Сонда 33 жылдың ішінде Қытай тарапы Ертістің әлеуетін 3 км3-ға кемітіп жіберген болып шығады. Өйтпеген жағдайда Қазақстанның атынан келіссөз жүргізетін мемлекеттік органдарға бұрмаланған ақпарат беріліп отырған болуы мүмкін.

«Қазіргі таңда ҚХР-мен су шаруашылығы ынтымақтастығы мәселелеріндегі негізгі проблема трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі нормативтік-құқықтық базаның болмауы болып табылады.

2015 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісім жобасын дайындау және келісу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы бағытта, қытай тарабымен бірлесіп трансшекаралық өзендерінде су бөлу тақырыбы бойынша зерттеулер іске асырылуда. Оның қорытындылары су лимитінің нақты көлемдерін айқындау кезінде пайдаланылады», - делінген министрліктің мәліметінде.

«Іле» дегенде ойға АЭС келеді

Ресми дерекке сенсек, 2000-2020 жылдар аралығында «Добын» гидробекеті арқылы Іледен келіп түсетін судың орташа көлемі жылына 13,6 км3 болған.

«Бұл негізгі қажеттіліктерді қанағаттандырып отыр. Балқаш-Алакөл бассейні шеңберінде барлығы 512 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде 259 гидротехникалық құрылыс Алматы облысында шоғырланған. Яғни, 80 су қоймасы, 123 тоған, 22 бөгет, 34 гидрожүйе бар. Ал Қытай Халық Республикасы территориясындағы гидротехникалық нысандардың саны белгісіз», -деп жазылған министрліктің бізге берген дерегінде.

«Іле» дегенде ойға Балқаш, «Балқаш» дегенде ойға АЭС келеді. Өйткені келіссөздер кезінде Қазақстан тарабы Балқаштың экологиялық жүйесін сақтау үшін Іледен келетін судың мөлшері өзгермеуі керектігін басты аргумент ретінде қолданып жүр. Сол «экологиялық көзір» болып жүрген Балқаштың маңайындағы Үлкен кентіне АЭС салынады деген сыбыстың шындыққа айналатын түрі бар. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов таңдау Балқашқа түсіп тұрғанын айтқан болатын.

Ресми Бейжіңмен арадағы трансшекаралық өзендер жөніндегі бірлескен комиссиялардың ратификацияланған құжаттары Қазақстанды Үлкен кентіне АЭС салу жобасын Қытай тарабының келісімін алуға міндеттемей ме? Көршіміз ертең Балқаштың жағасына АЭС салғанымызды алға тартып, Іленің суын бірлесіп пайдалану туралы уағдаластықтардың күшін жоймай ма? Бұл Іледен Қазақстан аумағына келетін судың мөлшерін азайтуға «негіз» болып жүрмей ме?

Министрлік мамандары бұл сұраққа қысқа ғана жауап қайырыпты.

«Қазіргі таңда АЭС салу мәселесі пысықталып жатыр. Үкімет пен Президент мақұлдаған жағдайда Қытаймен мемлекеттік шекараға жақындығын, сондай-ақ Балқаш көліндегі АЭС-тің ықтимал әсерін ескере отырып, Қытай Халық Республикасымен келісу талап етіледі»,- делінген вице-министрдің жауабында.

Бұл фактор Балқаш маңына салынатын АЭС жобасына келісім беру тетігі арқылы ресми Бейжің қаласа, стансаға технология ұсынатын елді өзінің саяси мүддесіне сай етіп тағайындауға күш сала алады деген сөз.

Сырдарияның әлеуетін 150 пайыз пайдаланып отырмыз

Сырдария, бейнелі тілмен айтсақ, Орталық Азиядағы бауырлас 4 елдің арасындағы татулықтың айнасы іспеттес.

1982 және 1984 жылы КСРО деңгейінде қабылданған шешімдер бойынша Қазақстанның Сырдария өзенінен алатын үлесі орташа көпжылдық мөлшерде 12 км3, ал су аз жылдары 10 км3 деп белгіленген.

«Сонымен қатар, Шардара су қоймасына дейін Сырдария өзенінен Фархад су торабы арқылы Достық мемлекетаралық каналы бойынша - 1,11 км3, ал Шыршық өзені, Үлкен Келес магистралдық каналы, Зах, Ханым, Бозсу мемлекетаралық каналдары бойынша - 1,07 км3 үлесіміз бар. Су бөлісу келісімі әділетті ме дегенге келсек, біз өз лимиттерімізді схемаға сәйкес толық көлемде аламыз. Мысалы 2018 жылы Шардараға келіп түскен судың көлемі 16,5 км3, 2019 жылы 16,2 км3, ал 2020 жылы 12,2 км3 құрады, ал 2021 жылы 12,1 км3 су келген», - дейді Талғат Момышев.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Су шаруашылығы министрлігін басқарған Нариман Қыпшақпаев Орталық Азия елдерінің Сырдария суын ысыраппен тұтынып отырғанын келешекке жасаған қиянат деп есептейді. Өзеннің бойындағы 3,5 млн гектар алқаптың әр гектарына орта есеппен жыл сайын 10-12 мың текше метр су шығындалады екен. Ол суды егіске тарататын арық-каналдардың жалпы ұзындығы – 300 мың шақырымға таяу. Осының кесірінен судың 30 пайызы егістікке жетпей, құмға сіңіп, ысырап болып жатқан көрінеді.

«Жалпы Сырдария алабының жылдық су қоры орта есеппен 37 млрд км3 шамасында. Ал қазір 4 мемлекеттің су тұтыну шығыны 50 млрд км3-нан асып кеткен. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан жалпы көлемі 3,5 млн гектар алқапты Сырдария бассейнінен суарады. Оның сыртында халықтың ауызсуы, өндірісі, коммуналдық шаруашылығы бар. Коллектор мен кәрізден, егістен шығатын 12-13 млрд м3 лас суды қайта кәдеге жаратып отырмыз. Осылайша Сырдарияның табиғат жаратқан ресурсын 150 пайызға пайдалануға мәжбүрміз. Соның салдарынан Аралға бір шелек су да түспей жатыр», -дейді көнекөз маман.

Оның айтуынша, Қазақстан Сырдария суын бөлісу мәселесінде Ташкенттен бөлек қырғыз тарабымен де мұқият келіссөз жүргізу керек.

«Қырғыздар «Тоқтағұлдан» бөлек «Қамбарата-1», «Қамбарата-2» стансаларын салып бастады. Алғаш техникалық-экономикалық негіздемесін көргенде біздің Үкіметке ұсыныс жолдағанмын. «Қырғыздардың осы жобасына атсалысайық, ертең сол арқылы «Тоқтағұлдың» режимін бірге реттей аламыз» дедім. Ешкім құлақ аспады. Ақыры ол жобаларды Ресей қаржыландырып жатыр. Қырғызбен де, тәжікпен де жеке сөйлесу керек»,- дейді Нариман Қыпшақпаев.

Жайық арқылы Ресейден 5 жылда алатын суды Ертіс арқылы бір-ақ жылда қайтарып отырмыз

2020 жылы Ресей мен Қазақстанның Экология министрлері «Жайық, Ертіс және басқа да ірі өзендердің бассейндеріндегі зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты арттырудың бірыңғай жол картасына» қол қойған болатын. Соның аясында Жайық өзені бассейнінің Ресей аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың толық тізімін құрастырып, олардың су қалыптасу процесіне әсері зерделенетіні айтылған. Аталған тізім құрастырылды ма? Олардың Жайық суының қалыптасуына әсері қандай екені туралы қорытынды шығарылды ма? Зерделеу қорытындысы бойынша Ресей аумағындағы су қоймалары мен тоспалардың жұмысын қайтта реттеу, су балансына кері әсер ететін гидротехникалық нысандардың жұмысын тоқтату, Қазақстанға кіруге тиісті судың мөлшерін көбейту сияқты нақты шешімдер шығарылды ма? Жайық дегенде қазір ойымызға осындай сұрақтар келеді. Министрдің орынбасары Талғат Момышевтің айтуынша, зерттеу жұмыстары әлі бітпеген. Яғни, әзірге Жайықтан Қазақстанға келетін судың азайып кетуіне қандай да бір нысан әсер отыр деп айтуға ерте.

«Жайық бассейнінің Ресей бөлігіндегі жобалық көлемі 10 млн м3-ден асатын 12 су қоймасы бар. Оның ішінде 3 ірі су қоймасының (Ириклинское, Верхнеуральское, Магнитогорское) жалпы су көлемі 4 км3-нан асады. Жобалық көлемі 1 млн м3 -ден 10 млн м3-ге дейін жететін 129 су қоймасы бар.

Қазақстан аумағында жобалық көлемі 10 млн м3-ден асатын 11 су қоймасы бар. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысы аумағында- 9, Ақтөбе облысында-2.

Қазақстандағы ең ірісі Елек өзенінің бойындағы көлемі 245 млн м3 болатын Ақтөбе су қоймасы мен сыйымдылығы 280 млн м3 болатын Қарағалы су қоймасы.

Трансшекаралық тұстамада Жайық арқылы Ресейден келетін судың көлемі ылғал орташа жылда 7,8 км3, құрғақ жылдары - 5,4 км3, өте құрғақ кезеңде - 3 км3 деп белгіленген», - дейді вице-министр.

Ресми мәлімет бойынша, 2015 жылдан 2019 жылдың аяғына дейін Ресей Федерациясынан Қазақстанға Жайық бойындағы Январцево трансшекаралық гидробекеті арқылы 34,005 км3 су келген. Ал Ертіс өзені бойынша Прииртышское трансшекаралық гидробекеті арқылы Қазақстаннан Ресейге 157,46 км3 су кеткен. Жалпақ тілмен айтсақ, Жайық арқылы Ресейден бес жылда алған суды Ертіс арқылы бір-ақ жылда қайтарып жатырмыз.

Осы географиялық жағдайды Жайық суына байланысты келіссөздерге неге аргумент етіп қолданбасқа? Ертістен Ресейге беретін судың көлемін Жайық арқылы Ресейден алатын судың мөлшеріне теңестіруге не кедергі?

Осы ойды ұстанатын мамандар Торғай мен Ертістің арасындағы шөлейт аймақтың бәрін Ертістің суын бұру арқылы жасылдандыруға болатынын айтып жүр. Бұл үшін Қазақстанға саяси ерік-жігермен бірге қомақты қаражат, жемқорлықтан ада мамандар керек болатыны сөзсіз.

«Жайық және Ертіс өзендерінің бассейндері бір-бірімен байланысты емес, олардың гидрологиялық сипаттамалары мен әлеуметтік-экономикалық қамтамасыз етудегі рөлі бойынша айтарлықтай ерекшеленеді.

Жайық өзені бассейнінде негізгі рөлді көктемгі су тасқыны атқарады. Оған уылдырық шашатын жерлер мен Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының молаюы байланысты. Өз кезегінде, Ертіс өзенінің бассейнінде күрделі су-энергетикалық жүйе жұмыс істейді. Оны басқаруға Қазақстан экономикасының маңызды бөлігі тәуелді, мұнда өзеннің жайылмасының жай-күйі және кеме қатынасын қамтамасыз етуін ескеру қажет», - дейді Талғат Момышев.

P.S. Тоқ етерін айтсақ, Қазақстандағы трансшекаралық өзендер мәселесі аймақта халық саны көбейіп, климат құбылған сайын өзектілене түсетіні анық. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіндегілер 2030 жылға дейін Қазақстанда өзендер тартыла бастаса да, халық ауызсудан тапшылық көрмейтініне сенімді екенін айттық. Бірақ сол ауызсудың сапасына, сапалы дегенінің бағасына айтылып жатқан сын көп.

Дүкен сөрелерінде сүзгіден өткен, сапа стандарттарының бәріне сай деп саналатын судың бір литрі 300-350 теңгеден сатылып тұр. Ал бензиннің бағасы 179 теңгенің айналасында. Әлем ғалымдары айтып жүрген «келешекте бір жұтым судың бағасы бір баррель мұнайдан да қымбат болатыны» туралы болжамдар Қазақстанда шындыққа айнала бастағандай.






Фото: criptoaldia.com




Соңғы жаңалықтар