Трансшекаралық бәсекелестік талабын бұзғандарға айыппұл жаңа тәсілмен есептеледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық комиссия сайтында трансшекаралық бәсекелестік ережелерін бұзғандарға салынатын айыппұлды есептеудің интерактивті модулі пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интерактивті модуль немесе айыппұл калькуляторы трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар туралы ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ол Еуразиялық экономикалық комиссиясының монополияға қарсы реттеу департаменті жолдаған сауалдарға нақты жауап, мәлімет ұсынбаған жағдайда салынатын айыппұлды есептеуге арналған. Онлайн-айыппұл калькуляторын қолдану өте оңай. Алдымен, бәсекелестіктің қандай түрі бойынша талаптардың бұзылғанын таңдау қажет. Кейін калькулятор есептеу кезінде барлық жағдайларды автоматты түрде ескеріп, айыппұл көлемін азайту немесе ұлғайту бойынша шешім қабылдайды», - делінген Еуразиялық экономикалық комиссиясының ресми сайтындағы хабарламада.

ЕЭК-нің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл құрал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кәсіпкерлері, кәсіпорын басшылары мен қарапайым азаматтары үшін тиімді болмақ.

Айта кетейік, жоғарыда көрсетілген айыппұлдар трансшекаралық бәсекелестік нарығындағы үстемдігін пайдаланған немесе бәсекелестік талаптарына кереғар келісімдер жасаған, уақытлы ақпарат ұсынбаған бизнес өкілдері мен компанияларға салынады.


Соңғы жаңалықтар