Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге артты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге артты. Бұл туралы Еуропалық одақ – Орталық Азия екінші экономикалық форумында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (ТХКД) даму әлеуетін пайдалануға белсенді түрде шақырып келеміз. Статистика бойынша бұл бағыттың жалпы өткізу қабілеті жылына 5,8 млн тонна жүкті құрайды. Бірақ өткен жылы 1,5 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе көп. Нақты айтсақ, контейнерлік тасымалдау көлемі 33 мың жиырма футтық эквивалентті (ЖФЭ) контейнерді құрады, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуеті бүгінде 80 мың ЖФЭ контейнерін құрайды. Өткен жылы небәрі 33 мың болған», - деді Қайрат Балықбаев.

Оның айтуынша, ТХКД-ге қатысушы елдердің Үкімет мүшелері өткен жылы жиналып, бұл бағыттың маңыздылығын атап өтті. Транскаспий бағытының әлеуетін айта отырып, вице-министр транзиттік жүк тасымалынан басқа, бұл бағыт отандық өндірушілерге Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Өткен жылы тасымалданған 1,5 млн тонна жүктің 60%-ы — қазақстандық экспорт болды. Қазірдің өзінде ТХКД – де қазақстандық экспорттың жүк ағынының едәуір бөлігі, яғни, мұнай химиясы, қара, түсті металдар, көмір, ферроқорытпалар, астық, басқа да жүктер қайта бағдарланғанын атап өтуге болады. Біз ТХКД әлеуетінің өсуімен қазақстандық өнімнің экспорты да артады деп санаймыз», - деді ол.

Вице-министр Қайрат Балықбаев, сондай-ақ, Үкімет Ақтау теңіз портының еркін экономикалық аймағы базасында контейнерлік хаб құру мәселесі пысықталып жатқанын, Құрық портының құрылысы аяқталуға жақын екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар