Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 2,5 есе өсті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 2,5 есе өсіп, 1,5 млн тоннаға жетті. Бұл туралы «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» Халықаралық қауымдастығы Жалпы жиналысының отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдар қатысушылары Қауымдастықтың 2022 жылғы қызметін қорытындылады. Аталып өткендей, ТХКБ бойынша тасымалдаудың оң қарқыны және оның қазіргі геосаяси жағдайдағы рөлінің артқан.

2022 жылы жүк тасымалдау көлемі 2,5 есеге өсіп, 1,5 млн тоннаға жетті. Бұл ретте қазақстандық жүктер экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 есеге ұлғайып, 891 мың тонна болды. Сонымен қатар, контейнерлерде 33,6 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33%-ке артық.

Отырыс барысында ТХКБ-ға жүктерді тарту және контейнерлік тасымалдарды дамыту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

2023 жылға арналған бағдар бойынша жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайту, тұрақты түрде шаттл-пойызбен бекітілген кесте бойынша жүру және бірыңғай транзиттік өнімді құру мәселелері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тиісті хаттамаларға қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар