«Трамадол» атыраулық чемпионның көз жұмуына себепші болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Трамадол» дәрісі атыраулық чемпионның көз жұмуына себепші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Атырау қаласында болған. Психотропты препараттың әсерінен ер адам көптің көзінше өзіне-өзі пышақ сұққан. Шақыртумен жеткен полицейлер оны тоқтатпақ болады. Бірақ, көп қан жоғалтқан тұрғын көз жұмды. Бұл жайттың видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) сотқа дейінгі тергеу басталған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Марқұм еркін күрестен түрлі жарыстарда чемпион атанған танымал спортшы еді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Нигерия азаматы психотропты заттарды сақтағаны үшін 6 жылға сотталғанын хабарлаған болатынбыз. Полиция қызметкерлері былтырғы 20 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, Нигерия азаматы Э.-ні ұстаған. Оның автокөлігін тінту кезінде жүргізуші жағындағы кілемше астынан жалпы салмағы 4,29 грамм «мефедрон (4-метилметкатинон)» психотропты заты табылған. Сотталушы Э.-нің кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, автокөлікті қарап-тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденген. Сот үкімімен оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, Атырауда кейінгі 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленгенін жазған едік. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары 2021 жылдан бері заңсыз айналымнан 18 мыңнан астам психотропты дәрі-дәрмектерді тәркілеген.

Соңғы жаңалықтар