Тозған су, жылу, электр желілері санын азайту үшін монополистермен жұмыс тәртібі өзгермек

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Буденеева Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Инвестицияға айырбас тарифі» тұжырымдамасының артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57%-ы, сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозығы жеткенін айтты. Тарифтерді жасанды шектеу - электр жарығын сөндіруге, жазатайым оқиғаларға, соның салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнеді. Монополия нарығында «Инвестицияға айырбас тарифі» жаңа тарифтік саясатына көшу қажет. Осыған орай, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында монополистермен тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді спикер.

Оның айтуынша, Алматыда табиғи монополиялар мен негізгі қор желілері субъектілері айтарлықтай тозған. Мысалы, сумен жабдықтау, су бұру салаларында 50%-дан астам, жылу, электрмен жабдықтау салаларында 60%-дан астам тозған. Алдын ала мәлімет бойынша 2029 жылға қарай желінің тозуын 15%-ға азайтуға қол жеткізу жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау, суды тазарту салаларында бір шақырым желіні жөндеудің құны электр энергиясын тасымалдаудан қарағанда әлдеқайда жоғары. Осылайша, әрбір саладағы тарифке жеке әсер етеді. Жүргізіліп жатқан реформалардан жоғары нәтиже алу үшін бірқатар мемлекеттік монополистерді бір органға біріктіруді көздейтін, монополистердің қызметін реттеу тәсілдерін өзгерту қажет. Бұл операциялық шығындарды оңтайландырады және инвестициялық тартымдылықты арттырады. Осылайша, жылу және сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін дамыту үшін қаржыландырудың нарықтық тетіктеріне тиімді көшу арқылы бюджеттік субсидиялардан кезең-кезеңімен бас тарту қажет», – деді Ә.Буденеева.

Бұл шараларға шығындарды оңтайландыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тарифтер деңгейін қайта қарау арқылы қол жеткізілмек.

«Желілердің тозуын азайту және инвестицияларды тарту бойынша қабылданған шаралардан күтілетін нәтиже - желілердегі нормативтік ысыраптарды, жоспардан тыс үзілістер мен апаттар санын азайту, жаңартылған объектілердің қызмет ету мерзімін ұлғайту, үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Тұтастай алғанда, тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді, тарифтердің өзгеруінің әрбір жағдайы үшін әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, монополистердің қызметіне жеке бағалау жүргізілетін болады», - деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Әсел Буденеева.


Фото: Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар