«Toyota» және «Lexus» сауда белгілерін пайдалануға шектеу қою Қазақстанды қылмыстылар отанына айналдырады - ҚР «Тәуелсіз АвтоБизнес одағы»

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Toyota» және «Lexus» сауда белгілерін пайдалануға шектеу қойған «БМФ групп» ЖШС монополистік әрекеті Қазақстанды қылмыстылар отанына айналдырады. Осындай пікірді ҚР «Тәуелсіз АвтоБизнес одағы» ҚБ басқарма төрағасы Павел Ким айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың қыркүйек айында «Toyota Motor Corporation» компаниясы сенімді өкілі - «БМФ групп» ЖШС арқылы «Тойота» мен «Лексустың» қосалқы бөлшектерін әкелуге, сатуға, сақтауға, жарнамалауға шектеу енгізген болатын. Ол бойынша аталған маркалы көліктердің қосалқы бөлшектерін тек ресми диллерлерден сатып алуға рұқсат етілген. Түпнұсқа қосалқы бөлшектерді импорттаумен айналысатын кәсіпкерлер бұл шараны қосалқы бөлшектер нарығын монополизациялау деп бағалауда. Қазіргі таңда Қазақстанда «БМФ групп» ЖШС бастамасымен азаматтарды ҚР Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы Кодексінің 1-бөлімі 145-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке, сауда белгілерін заңсыз пайдаланды деген желеумен ҚР Қылмыстық Кодексінің 1-бөлімі 199-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тарту шарасы басталды. Осыған байланысты автокөліктердің қосалқы бөлшектерін сататындар ғана емес, «БМФ групп» ЖШС рұқсатынсыз «Тойота» (2300 машина) және «Лексус» (5600) көліктерін сату туралы жарнама берген азаматтар да Әкімшілік Кодекстің 1-бөлімі 145-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Ал заңбұзушылық қайталанған жағдайда олар ҚР ҚК 1-бөлімі 199-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. «Егер бұл ақылға сыймайтын тыйым осылай жалғаса берсе, Қазақстан жақын арада қылмыстылар отанына айналары ғажап емес. Айта кетерлігі, бұл тұзаққа шағын және орта бизнес өкілдері, ұсақ импортерлер, жеке кәсіпкерлер түсуде. Бір монополистің мүддесі үшін неліктен мыңдаған қазақстандық кәсіпкер жапа шегуі керек? Қазірдің өзінде 2 кәсіпкер - қылмыстық жауапкершілікке, 53 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Павел Ким. Қосалқы бөлшектер импортерлері мұны ҚР қолданыстағы заңдарын өрескел бұзу деп есептеуде. «Қалыптасқан ахуал шағын және орта бизнесті орны толмас шығынға ұрындырып отыр. Монополистердің рынокты басып алуына, тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасын жан-жақты қымбаттатуға жағдай жасалуда. Қазақстан экономикасына орасан зор шығын келтіріліп, мемлекеттік билік құрылымдарының беделіне нұқсан келіп отыр. Егер құзырлы органдар тиісті шара қолданбайтын болса, Одақ халық бірлігі мен мемлекеттік биліктің, Конституцияның және азаматтардың құқықтары мен бостандығының кепілі - Мемлекет басшысының көмегіне жүгінбек», - деп қорытындылады Павел Ким.

Соңғы жаңалықтар