Toyota Camry жүргізушісі жол апаты кезінде телефонмен сөйлескен - Парафиеваның қорғаушысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі аяғынан айрылған Екатерина Парафиеваның ісі бойынша сот процесі басталды. Сот алдында автобус жүргізушісі Жаңабаев Дəурен жауап беруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Автобус жүргізушісіне ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлімі бойынша адам денсаулығына үлкен залал келтірген жол апатына əкелген жол ережесін бұзды деген айып тағылды.

Прокурордың айтуынша, Дәурен Жаңабаев әл-Фараби көшесімен батысқа келе жатып, алдында келе жатқан Тойота Камримен соқтығысқан. Соққыдан Тойота Камри сол жақтағы  «Honda CR-V» көлігін қағады.

Нәтижесінде екі көліктің арасында Хонда жүргізушісі Екатерина Парафиева мен оның құрбысы қысылып қалған.

Автобус жүргізушісі болса өз кінәсін мойындамады.

Оның қорғаушысы бұл істе Парафиеваның іс-әрекетін де қоса қарауды айтып, істі қайта тергеуге жіберуге өтініш берді.

Сот отырысында сұралған Тойота Камри жүргізушісі Ұлан Абдуалиев жол апаты қалай болғанын айтып берді.

Парафиеваның адвокаты Жанна Оразбахова Кселл компаниясынан қоңыраулар детализациясын жария етті. Құжатқа сәйкес Абдуалиев жол апаты болған уақытта Әнуар деген адаммен сөйлесіп отырғаны анықталды. Әңгіме 136 секундқа созылған.

Алайда, Абдуалиев Ұлан өзінің телефонмен сөйлескен-сөйлеспегені есінде жоқ екенін айтты.

«Мен сол жақ шетте келе жатып, ашық тұрған люкті көрдім. Одан өте бере жылдамдықты азайтып, оң жаққа ауыса бастадым. Сол кезде оң жақ тұстан арт жағымнан соққы болды. сол кезде көлік айналып кетіп,  Хонданы соқтым. Қалай екенін білмеймін, иығым қатты соққы алғасын мен есімнен танып қалдым. Есімді жисам, жерде жатқан қыздарды көріп шошып кеттім, менде шок болды. Телефонмен сөйлескенім есімде жоқ. Бірақ мен үнемі телефонмен блютуз арқылы сөйлесемін», - деді ол.

Жаңабаевтың қорғаушысы Сейдалиев Бақытжан тергеу барысында Екатерина Парафиеваның іс-əрекеті дұрыс тергелмегенін, сол үшін қайта жіберуді өтінді. Айыпталушы Жаңабаев өз кінəсін мойындамады.

Сот барысында Екатерина Парафиева оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«16 маусымда түс кезінде құрбыммен Əл-Фараби көшесінде батысқа қарай келе жаттық. Ауа райы ашық, жолда көлік болмады. Президент паркіне жете бере ашық люкті көрдім. Жылдамдықты азайтып айналып өтпек болдым. Сол кезде көлігім шайқалып кетті. Дөңгелек жарылғанын байқадым. Сыртқа шығып жүксалғыштан белгі алмақшы болғанда өзіме ұшып келе жатқан Камриді байқадым. Содан құлап қалдым»,- деді Е. Парафиева.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы  әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry көлігінің артқы бөлігі ұшып келіп Honda CRV көлігіне тиген. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылған болатын. Қазір Катя белгілі ерікті, жаттықтырушы Кира Ударцеваның көмегімен оңалту шараларынан өтіп жатыр. Енді ол арнайы жаттығулардың арқасында протез киюге дайындалмақ. Келіншек қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша үміт сыйлап, күресуге кеңес беріп келеді. Екатерина қазір жаттығу залына барып жүр.

Соңғы жаңалықтар