Тойда жаппай уланудың басты себебі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин тойда жаппай улануың басты себебін атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ауылды жерде той иелері тамақты үйден жасап апарады. Ал мейрамxана әкімшілігі оған рұқсат беріп жатады. Дегенмен, дәл сондай жағдайлар қонақтардың жаппай улануына себеп болады.

«Мәселен, биыл Шортанды жақта бір оқиға болды. Сол кезде той иесі етті көрші ауылда пісіріп, ертесінде тойxанаға апарған. Оны қайнаған суға тағы бір рет салған да жоқ. Турап-турап қойды да, үстінен тұздықты құя салды. Содан 58 адам зардап шекті. Тура солай бір ауылда етті бір күн бұрын пісірген. Сосын түні бойы полиэтиленнің астында сақтады. Түсте дастарқанға қойды да, оны жеген xалық уланып қалды», - деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, Ж.Бекшин жаз кезінде той тағамдарын дайындау қауіпсіздігіне де тоқталды.

Оның айтуынша, алдымен аспазшылардың кәсіби дайындығын тексеріп алу қажет. Бас аспазшыда санитарлық кітапша болуы тиіс. Сырттан адам тартуға болмайды. Ыдыс-аяқты жуып тұратын адамдардың саны да жеткілікті болуы шарт.

«Сосын тамақты сақтайтын арнайы құрал-жабдықтардың бар-жоғын тексеріп алған жөн. Дайын тұрған тамақ тоңазытқышта сақталуы қажет. Мейрамxанада ыстық су болуы тиіс. Тазалыққа баса мән беру керек. Негізі, тамақ жасайтын жердің санитарлық жағдайы жаппай улануға себеп болып жатады. Тойдың дастарқанын бір сағат бұрын жасаған дұрыс. Одан ерте жайылса, дайын тамақта микроағзалар тез өседі. Содан адам уланады. Әрине, тамақ өнімдерінің сақтау мерзімін үнемі бақылап отыру қажет», - деп атап көрсетті Ж.Бекшин.

Соңғы жаңалықтар