Той тойлауды тоқтататын уақыт жетті – Жаңабек Жақсығалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елімізде коронавирус індетінің күн санап жайылып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауының маңызы зор. Осы орайда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабек Жақсығалиев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Жаңабек Жаңабайұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт еместігін», бүгінгідей технология заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керектігін атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

-Мемлекет басшысы бүгінгі қоғамдағы өте өзекті мәселені орынды көтеріп отыр.

Рас, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, алдымен, отаршыл заманда елеусіз қалған ұлыларымыз: хандар, билер, батырларымыз, мәдениет қайраткерлері мен Алаш арыстарының есімдерін жаңғырту бағытында игілікті істер басталды. Бұл дұрыс қадам болатын. Ол саясат әлі жалғасып жатыр.

Асыл бабаларымыздың есімдерін үздіксіз дәріптеп, оларға тағзым ету бертін келе елімізге танымал көрнекті ақын-жазушыларымыз бен академик-профессорларымыздың, яғни зиялы қауым өкілдерінің мерейтойларын мемлекеттік деңгейде өткізуге ұласса, бүгінде той тойлау жаппай бұқаралық, халықтық сипат алды.

-Елдік сипаттағы, мемлекеттік дәрежедегі іс-шаралар өз алдына, той-топырдың жөні бір басқа дейсіз ғой?

-Иә, айтатыны жоқ. Ұл баланың үйлену тойы мен қалыңдықтың ұзатылу тойын есептемегенде, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, мектеп бітіру, ЖОО-ға түсу, оны бітіру, түлектер кездесуі, Жаңа жыл, құдалық, 25-30 жастан 80-90 жасқа дейінгі мерейтойлар шеруі, зейнеткерлікке шығу, тіпті күнделікті соғымға қонақ шақыру мен қоныстойдың өзін тойханалар мен мейрамханаларда сән-салтанатпен өткізу жарысқа айналып, нәтижесінде қонақжай халқымыздың ата дәстүрі тәрбиелік мәнінен айырыла бастады.

Мейрамханалар мен дәмханалардың, асабалар мен әншілердің дәурені жүріп, мейманасы асты. Қазақ жалақысының жартысын тойға беретін болды. Қазақ қоғамының тойдан шаршағаны өз алдына, даңғазалық пен дарақылық шегіне жетті.

Қайсыбір апталардың соңғы үш күнінде қазақтың тойы мен құдалығы һәм садақасының қатар келетіні ешкімге жаңалық болмай қалды. Сайып келгенде, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан меймандостық салты ұлт мәдениетінің ең озық көрінісі болудан қалып барады деуге болады.

Елімізде тәуелсіздік жылдары тұрғызылған он мыңдаған тойханалардың дамылсыз жұмыс жасап, жеміс-жидектер мен көкөніс немесе басқа тағам түрлерінің көрші елдерден жүк көліктерімен ағылып келіп жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Осының нәтижесінде елімізде ас-судың бағасы аспандап, шарықтап тұр. Оның ауыр зардабын тартып отырған сол қара халықтың өзі. Елімізде тамақ өнеркәсібі аяғынан тік тұрып, әлі толық қалыптасып болмағандықтан, көршілеріміз қытай мен өзбек өнімдерінің тұрақты тұтынушысына айналып, қазақтың бар жиған-терген дүниесі сыртқа кетіп, оларды байытып жатқаннан басқа халқымыз еш пайда көріп отырған жоқ. Ал еліміздегі басқа ұлт-ұлыстарда мұндай дәстүр бар ма? Жоқ, әрине. Өйткені менталитет басқа. Бірақ жаратылысынан «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін дарқан қазақтың бұған бәлендей бас қатырып жатқаны шамалы. Күнде ойын, күнде той! Осының салдарынан кәсіпкерлеріміз зауыт пен фабрика емес, тойханалар мен ойынханалар салып үлгере алмай жатыр. Телеарналарды ашып қалсақ та сол көрініс: тәрбиелік мағынасы төмен бағдарламалар, арзан әзілдер, құнсыз әндер мен сол баяғы ортанқол әншілер мен асабалар.

Соңғы кезде әншілер мен спортшыларды көзсіз құрметтеу тек бізде емес, әлемдік үрдіске айналып бара жатқаны жиі айтылып жүр.

-Қазақ шашпа халық, дүниені шашу үшін жинайды дегендерге не уәж айтар едіңіз?

-Ол шындық. Табиғатымыз солай. Бірақ капитализм қазақтың нақ осы мінезін көтермесі хақ. Біздіңше, алдағы 10-15, мүмкін 5-10 жылда бүгінгі қаптаған сансыз тойлар қазіргіден сирейді.

Капитализм ерте ме, кеш пе, қазақтың «мінезін», әйтеуір, бір түзейді. Өзінің талаптарына икемдеп, қалыбына салады. Мен бұл жерде шашпалық пен ысырапшылдық мәселесіне қатысты айтып отырмын. Бұл – нарықтың заңы.

Иә, қазақтың қонақжай, көпшіл, намысшыл болуының сыры тереңде жатыр. Аз еңбек етіп, көп өнім алатын, көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған батыр халықтың мінезі «у ішсең руыңмен», «тегі бірдің намысы бір» деп ағайыншыл, ұжымшыл, елшіл болып қалыптасты. Сайып келгенде, көшпелі қоғам жауынгер халықтың бойына ақкөңілділікті сіңірді. Қазақтың «Батыр – аңғал, ер – қамсыз» деуінде де үлкен мән бар. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласына келген орыс, шетел зерттеушілері біздің бойымызда осы қасиеттің барына көңіл бөлген.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «ақкөңілділік, анайылық, аңғалдық мәдениеті төмен жұрттарға тән қасиет» екенін атап өткен. Өз басым бүгінгі қазақ қоғамының ысырапшылдық пен дарақылық һәм әсіре мақтаншылыққа бой ұруын халқымыздың осы мінезінен іздеймін.

Бұл пікірге біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ өз ойым солай. Оның ішінде мен де, сіз де, бәріміз де бармыз. Өйткені ешкім де ұлтынан, халқынан, қоғамнан бөлініп қала алмайды.

Мұның сыртында үш ғасыр бойы бодау заманда қанымызға сіңген құлдық сана синдромының сарқыншақтары бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Айбынды Ғұн державасының негізін қалаған Мөде тәңірқұттың «Құлды мақтан өлтіреді» деген даналық сөзінің астарын қазақтың түсінетін уақыты жетті деп ойлаймын.

Төтенше жағдай кезінде халық тәртіпке бағынып, той-топыр тыйылғандай болып еді. Алайда карантин алынғаннан кейін қазағымыз сол баяғы әдетіне көшіп, қонақ шақырып, той тойлауды жалғастырып жатыр. Мұның соңы жұқпалы індеттің өрши түсуіне соқтыруда. Бұдан өзіміз сақтанбасақ, біздің қауіпсіздігімізді кім қорғайды?! Сондықтан мемлекет басшысының сөзіне қолдау білдіріп, жөнсіз жиыннан арылайық дегім келеді.



Соңғы жаңалықтар