Төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалинге аса ірі көлемде пара беруді ұйымдастырды деген айып тағылды

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалинге аса ірі көлемде пара беруді ұйымдастырды деген айып тағылды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми өкілдің айтуынша, ағымдағы жылғы қыркүйектің 2-сінде А. Сабдалинге аса ірі көлемде пара беруді ұйымдастырды, деген айып тағылды және Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының санкциясымен ол қамауға алынды.

«Сабдалиннің параны Қаржы полициясы қызметкеріне республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен анықталған Төтенше жағдайлар министрлігіндегі 2 миллиард теңгеден астам қаржыны мақсаттан тыс пайдалану фактілерін тергеуге дейінгі тексеріс бойынша жағымды шешім қабылдауы үшін ұсынғандығы анықталды. Пара беруде делдалдықты аталған министрлік департаментінің бірінің бастығы жүзеге асырды. Ол 30 000 АҚШ доллары көлеміндегі параны Қаржы полициясы қызметкеріне беру үстінде ұсталғаннан кейін қылмыстық қудалау органына көмектесуге келісімін берді. Делдал А. Сабдалинге параны бергендігі туралы айтып, одан Қаржы полициясы қызметкеріне  беру үшін қосымша 15 мың АҚШ долларын алды», -  деді М. Жұманбай.

Соңғы жаңалықтар