Төтенше жағдайлар органы мектеп директорына бес жыл бойы айыппұл салып келген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар органы мектеп директорына өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін бес жыл қатарынан айыппұл салып келген. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында әлеуметтік зерттеуге сүйенген депутат Камал Бұрханов осылай мәлім етті.

Тоқтала кетейік, комитет отырысында әлеуметтік нысандардың тексерілуі мәселелері талқыланған болатын. Осы тақырып аясында депутат Камал Бұрханов жүргізілген арнайы зерттеулердің қорытындысы туралы баяндады. Сауалнаманы анонимдік негізде жүргізіліп, ертеңгі күні жағдайдың мүлдем қиындап кететінін ойлаған әлеуметтік нысан басшылары өздерінің аты-жөндерін көрсетуден мүлдем бас тартқан.

«Төтенше жағдайлар органы соңғы 5 жыл бойы бір мектепті тексеріп, сол бес жыл бойына өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтамағаны үшін айыппұл салып келген. Кеңестік кезден келе жатқан мектептің төбе жабыны қарапайым сабан қамыспен қапталған екен. Шындығында, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, мұндай төбе жабыны жыл сайын отқа берік арнайы құрылыс материалдарымен қапталуы керек. Алайда мектеп директоры жыл сайын осы олқылықты жою туралы аудандық білім бөліміне өтініш жасағанымен, ол тараптан ешқандай жауап болмаған. Нәтижесінде айыппұл жыл сайын қайталана берген», - дейді К.Бұрханов.

Оның айтуынша, мектеп бюджетінде жыл сайын ондай жұмыстар үшін қаражат қарастырылмапты. Оның есесіне, төтенше жағдайлар органы жоғары сатыда отырғандар бұл проблеманы шешуге құлық танытпағанын біле тұра, мектеп директорына айыппұл салуды жалғастырып келген.

«Кез-келген уақытта өрт тұтануы мүмкін әлгі мектепте бала оқыту жалғасып келеді. Егер шынымен төтенше жағдай орын алып, өрт салдарынан оқушылар жапа шегетін болса, түрмеге ең бірінші мектеп директоры түсетіні анық. Сонда не істеу керек? Біздің ойымызша, алғашқы ескертуден соң мектеп әкімшілігінің жазған арызына қарамастан, кемшілік түзелмесе, айыппұл аудандық білім беру бөлімінің басшысына салынуы керек еді. Ал одан нәтиже шықпаса аудан әкіміне айыппұл салынсын, әйтпесе қылмыстық іс қозғалсын. Мәселе бала өмірі туралы болып отырғанын неге естен шығарамыз?», - дейді Мәжіліс депутаты.

Ескерте кетейік, депутаттар тарапынан жүргізілген сауалнама еліміздің барлық облыстарындағы білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет нысандарының басшылары арасында жүзеге асырылды. Сонымен қатар депутаттың сөзіне қарағанда, білім беру мекемелері «бізді бәрі тексереді, облыстық білім басқармасынан бастап, аудандық білім бөлімі, әкімдік, төтенше жағдайлар, санэпидқадағалау, прокуратура, ақыр аяғы ардагерлер кеңесі де тексереді», дейтін көрінеді.

Соңғы жаңалықтар