Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері кезектен тыс аттестаттауға дайындалуда

None
None
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығын орындау үшін

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі аталған іс-шараларға тиісті дайындық жүргізуде. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар министрінің Елбасы Жарлығын іске асыру жөніндегі арнайы бұйрығы шықты. Ол бойынша кезектен тыс аттестаттау өткізу жөнінде Орталық және републикалық аттестациялау комиссиясының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі Жұмыс тобының құрамы және Ережесі бекітілді. Бұдан бөлек, министрліктің  мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары; қызметтік және дене тәрбиесі дайындығы нормативтерінің тізбесі;  психологиялық әңгіме жүргізу тәртібі; Қазақстан Республикасы заңнамасын білуге арналған компьютерлік тестілеу жүргізу үшін сұрақтар тізбесі бекітілген.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының 16 422 қызметкері кезектен тыс аттестаттауға жатады. Олардың ішінде:

41-і орталық аппараттың қызметкерлері;

30-ы Өртке қарсы қызмет комитетінен;

1663-ы облыстар, Астана және Алматы қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттерінен;

14549-ы облыстар, Астана және Алматы қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттері «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінен;

20-ы «Республикалық дағдарыс орталығы» мемлекеттік мекемесінен;

119-ы «Көкшетау техникалық институты» мемлекеттік мекемесінен болып отыр.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми веб-сайтында аттестаттау шарасына қатысты арнайы айдар ашылды. Онда өткізілетін аттестаттаудың нормативтік-құқықтық негізімен танысуға және аттестаттауға жататын қызметкерге қатысты өтініш қалдыруға болады, құпиялылығына кепілдік беріледі.

Жалпы, құқық қорғау органдарын кезектен тыс аттестаттауға даярлау және өткізу мәселелері министрлік басшылығының қатаң бақылауына алынған.

Соңғы жаңалықтар