Төтенше жағдайлар министрлігінің апаттың алдын алу міндеті ұмытылды - Нұртөре Жүсіп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде табиғи және техногендік сипаттағы апаттар жыл сайын көбейіп барады. Сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында осы саладағы тетіктерді жетілдіру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқыны, қар көшкіні, сел мен жаңбыр, дала мен ормандағы өрттер көбейді. Жақында Екібастұзда апат болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелері қаланың жылу орталықтарында болған авария салдарын бақылау үшін қайта-қайта шапқылап жатыр. Төтенше жағдайдағы басты ұран: «Алдын алу, құтқару және көмек беру» болуы тиіс. Көп жағдайда біз тек қана құтқару мен көмек беру ісімен айналысып келеміз. Адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатердің алдын алу Төтенше жағдайлар министрлігі органдарының тікелей міндеті екені ылғи ұмытылып қалады. Неліктен бұлай?», - деді Н. Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар, сенатор апат болған кезде Үкімет өз міндеттерін орындап, тез әрекет етудің орнына Президенттің нұсқауын күтіп қалатыны, сөйтіп проблемаларды шешу процесін кешіктіретінін түсіне алмайтынын айтты. Сенатор Үкімет басшысының атына айтқан ұсыныстардың ішінде аса маңызды нысандарға қауіпсіздіктің кешенді жүйесін енгізудің маңызын атап өтті.

«Бірыңғай геоинформациялық жүйеге мониторинг жасау арқылы барлық жерде интеграцияланған қауіпсіздік жүйесін енгізу керек. Атқарушы билік пен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметін бағалауда міндетті түрде халықты және сол аумақтарды қорғау ісінде алдын алу шараларын қалай жасап жатқаны ескерілсе деймін», - деді сенатор.

Депутат сондай-ақ барлық деңгейдегі тиісті лауазымды тұлғалардың төтенше жағдайдың алдын алу және өрт, су және техногендік қауіпсіздікті ұйымдастыру жөнінде нақты жұмыс жүргізгені үшін жеке жауапкершілігін енгізуді ұсынды.


Соңғы жаңалықтар