Төтенше жағдайлар министрлігіне бірқатар қосымша құзырет берілуі мүмкін

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігіне біршама қосымша құзырет берілуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатқа сәйкес, енді ведомствоға мына функциялар беріледі:

- адамдарды құтқару үшін және аса қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар аймағындағы ұйымдардың байланыс, көлік құралдарын, мүлкі мен өзге де материалдық құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

- міндетті түрде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізбесін әзірлейді және бекiтеді;

- қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға, ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызу жөніндегі өлшемшарттарды әзірлейді және бекітеді;

- мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауға арналған объектілерді орналастыру және салу жөнінде шешімдер қабылдайды;

- табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілейді;

- өз құзыреті шегінде климаттық қатерлерден болатын дүлей зілзала тәуекелдерін бағалауды жүргізеді;

- объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құру, орнын ауыстыру, қайта бейіндеу немесе тарату туралы ұйымдар басшылығының шешімдерін келіседі;

- мемлекеттік материалдық резерв саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асыруды қамтамасыз етеді.

Үкімет қаулысының жобасы 5 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар