Төтенше жағдайлар министрі ШҚО-дағы су тасқынының алдын алу шараларымен танысты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынының алдын алу шараларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін ТЖ министрі Юрий Ильин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанға келді. Жедел-құтқару жасағына барып, олардың техникасымен және су тасқыны кезеңіне дайындығымен танысты. Жасақ қарамағында 7 мотопомпа, 9 техника және 9 жүзу құралы бар.

«Сондай-ақ министр «Қазселденқорғау» ШҚ филиалына барды. Ондағы мамандар қыс басталғалы бері 46 рет жасанды жолмен қар көшкінін түсірген. Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында облыста каналдар мен арықтарды, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді тазарту жұмыстары жүргізілуде. Өңір бойынша 222 мың текше метр қар шығарылды. 85 мың дана ыдыс-қап, 6 мың тонна инертті материал дайындалған», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аймақта қолға алынған шараларға бақылау жүргізетін арнайы топтар құрылды. Облыстық бюджетте төтенше жағдайларды жоюға 2,6 млрд теңге қарастырылған.

«Шығыс Қазақстанда су басуы мүмкін 108 елді мекен бар. Бүгінде оның 20-ында су басу қаупі сейілді, ал 69-ында барынша азайтылды. Жыл сайын су айдындарының жанында заңсыз салынған нысандарға қауіп төнеді. Су көтерілгеннен кейін ғимараттар су астында қалады», - деді Юрий Ильин.

Айта кетейік, өңір бойынша Өскемен қаласында, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Шемонаиха, Көкпекті және Бородулиха аудандарында су тасқыны қаупі сақталуда.


Соңғы жаңалықтар