Төтенше жағдайлар министрі Ақтөбенің су басқан ауданына аттанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ТЖМ басшысы Юрий Ильин жағдайды бағалау, Ақтөбе облысының елді мекендеріндегі су тасқынының салдарын жою жұмысын бақылау және үйлестіру үшін Ақтөбе облысына аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, температураның күрт жоғарылауы және қардың қарқынды еруі салдарынан Қобда және Ойыл аудандарының елді мекендерін су басқан болатын.

Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен алдын ала 400-ден астам адам эвакуацияланды.

Қазіргі уақытта бұрын эвакуацияланған 140 адам үйіне оралды, 70-тен астам адам уақытша эвакуациялау пунктінде, 240-тан астам адам туыстарының үйінде.

4 000-нан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.

Облыстың аталған аудандарында жүргізіліп жатқан авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға, су тасқыны салдарын жоюға ТЖМ құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдар, ІІМ және облыстың басқа да мүдделі құрылымдар жеке құрамынан 900-ге жуық адам, 650 техника, соның ішінде су сору құралдары жұмылдырылды.

Бұған дейін Ойыл ауданы Қаратал ауылының халқы дабыл қағып, су кірген сәтті видеоға түсіріп, таратты.

Жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындарды бірден эвакуациялады. Олар Қаратал ауылындағы мектепке орналастырылды.

Көп кешікпей облыс әкімінің баспасөз қызметі қауіп сейіліп, тұрғындар үйіне оралып жатқанын мәлім етті.

«Ойыл өзені көтеріліп, бөгеттің бір бөлігін бұзып кетті. Ауылға қауіп төнген соң тұрғындар эвакуацияланды. Қазіргі кезде бөгетті қайта бекіту жұмысы жалғасып жатыр. Облыс әкімінің өзі Қаратал ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Сабырға шақырып, барлық қауіпсіздік шарасы қолға алынғанын айтты. Тасқын су екі үйге ішінара кірген. 12 аулаға жайылды. Қазіргі кезде өзен суының деңгейі түсіп жатыр. Тұрғындарға қауіп жоқ. Эвакуацияланған адамдар үйіне оралуда. Ал мүлкі зардап шеккендерге көмек беріледі», - деді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Бөгеті бұзылған Қаратал ауылында екі үй мен бірнеше аулаға су кірді.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ойыл ауданының Екпетал және Қаратал ауылдарынан 105 тұрғын алдын ала эвакуацияланғанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар