Төтенше жағдайдағы төзім – тілекке жеткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған кешегі кезекті үндеуінде төтенше жағдай режимінің ұзаруын айтты. Сосын бүгінгідей кезеңде елдегі барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Негізінен Мемлекте басшысының нақты мәселелерді қамтыған маңызды әрі елді үрейлендіретін емес, үмітке жетелейтін мәлімдеме болды.

«Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет», - деген еді Мемлекет басшысы осы мәлімдемесінде. Ендігі күні Үкімет пен жергілікті атқа­ру­шы орган Президент тапсырмаларын үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек.

Расында, дәл қазір бүкіл дүние дамуы үлкен жолайрықта тұр. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы десек те болғандай. Осы ретте, әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалардың бірқатар тізіміне назар салайық.

Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді. Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. АҚШ-та коронавирустан 50 мыңнан астам адам қайтыс болды. Миллионға жуық азаматы індет жұқтырды. Трамп өзін әскери жағдайдағы президентпін деп атады. ДСҰ-ға АҚШ-тың беретін қаржылай қолдауын да тоқтатты.

Еуропалық мамандар коронавирустан қорғанар вакцинаның 1-1,5 жыл уақыттан кейін пайда болуы мүмкін екенін айтуда. Қытайдың Еуропа мен АҚШ-қа экспорты 85% азайды. Бұл әлемдік экономика мен тауар айналымына үлкен соққы. Ұлыбритания үкіметі коронавирустен қорғану үшін 1,5 млрд доллар бөлетін болды. Францияда вирустан өлгендер саны жақын күндері 20 мыңның үстіне шығады деп болжанып отыр. Канада үкіметі АҚШ пен шекараны жабуды тағы 30 күнге ұзартты. Осылайша, айналасы 3-4 айда әлемнің күнделікті өмірі адам танымастай өзгерді.

«Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланғаннан бері 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетіліп, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылыпты. 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіліп, 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алыпты. 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды ал. Азық-түлік тапшылығы жоқ. Жағдай бақылауда».

Мұның бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылды. Үкімет карантин талаптарын жеңілдете бастады. Көп елдерден бұрын болып әуе қатынасын қалпына келтірудеміз. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді. Қазір бүкіл әлемдік оқу жүйесі осы тәсілге көшкен. Қоғамдық өзгерістер жастардан басталатыны белгілі. Шетелде білім алушы студенттер ендігі уақытта өз отандарында оқуларын жалғастыруға ықыласты екендігі бірқатар әлеуметтік желідегі форумдарда айтылуда. Бұл тұрғыда Қазақстан шетелдік айтулы жоғары оқу орындарында тәлім алып жүрген студенттерге нақты қолғабысын жасай алады. Бірнеше жылдан бері дүниежүзілік стандартта сапалы білім беру үрдісін жүзеге асырған «Назарбаев Университеті» осы жастардың оқуларын жалғастыруына септігін тигізе алмақ.

Бүткіл планета тұрғындары тап болған қазіргідей күрделі кезеңде Қазақстан билігі әрбір азаматтың мемлекет назарында екендігін дәлелдеді. Билік ешкімді қиындықта қалдырмады. Алыс-жақын елдерде қалып қойған қазақстандықтарды туған жерге жеткізді. Жол шығындарын да көтерді.

Қауіпті вирустың елімізде кең жайылып кетпеуі үшін билік тарапынан аса қажетті нақты шешімдері қабылданды. Соның арқасында коронавирус бірқатар елдердегідей жаппай таралған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр.

Әрине, пандемия кезіндегі емдеу шараларында дәрігерлердің көптеп вирус жұқтыруы үлкен мәселеге айналуда. Өкінішке қарай, еліміздің аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері індетке тап болғандардың жартысына жуықтады. Осы тақырыпты жан-жақты білу үшін және мәселенің анық-қанығын зерттеу бағытында, әр елдерде азаматтық қоғамның қаржыландыруымен деректі фильмдер түсірілуде. Біздің де бірқатар елді-мекендерде шығармашылық топтар осы бағыттағы түсірілімдерін бастап кетті. Кейін осы жасалған деректі фильмдер республика телеарналарының эфирінде ғана көрсетіліп қоймай, дүниежүзілік кинофестивальдерге қатысатынын есерейік. Қалай болғанда да, жауапкершілік ешқашан ұмытылмауы керек. Осы орайда, пандемия кезіндегі көпшілікті алаңдатар мәселелер туралы сарапшылар көзқарасымен танысайық.

Мұрат Бақтиярұлы, Парламент Сенатының депутаты:

Ауыспалы кезеңде болмай қоймайтын әлеуметтік жіктелістер мен мүдде алуандығы қоғамды жік-жікке бөлгендіктен қоғамымызда кем-кетіктер шаш етектен. Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан экономикалық-әлеуметтік іс-шаралар бұқара халықтың әл-ауқатын көтеруге әлі де болса жетпей жатыр. Жемқорлық індеті қоғамның барлық саласын жайлағаны да өтірік емес. Қарапайым халықтың да ашу ызасын тудыратын осы әділетсіздік. Сондықтан да Үкіметті, Парламентті жалпы билік атаулыны қатты сынға алу белең алуда. Бұл заңды да. Бір жағынан ұзақ жылдар тоталитаризм табанында жаншылған қоғамдық сана арғы-бергідегі бар жоғалтқанына бірден жеткісі келіп көптеген талаптар қоюда. Толассыз ағылып жатқан дақпыртқа сенген, даңғазалыққа желпінген топтар көбеюде. Бір анығы соңғы уақытта қоғам мүлдем өзгерді. Кеңестік иделогиядан ада, сауатты, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жаңа ұрпақ саясатқа көптеп келуі керек. Ең бастысы Мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді шайып жіберетін күштерге жол бермеу қазақ ұлтының басты міндеті екенін үнемі есте ұстауымыз керек.

Александр Роднянский, Продюсер, Кинотавр фестивалінің президенті:

Коронавирус пандемиясы үлкен өнерге де кері әсерін тигізді. Миллиардтаған қаржыға кино түсіретін Голливуд компаниясы тоқтады. Қаншама мықты фильмдердің тұсаукесер көрсетілімдері кейінге шегерілді. Жылына 30 миллиард долларға кино көрсетілетін кинотеатр есіктері жабылды. Қашан ашылатыны белгісіз. Біз күз айлары деп жоспарлаудамыз. Бірақ көзге көрінбес індеттен әбден үрейі ұшқан көрермен жабық залдарға жинала ма? Мұндай демалысқа қажетті қаражаттары бола ма? Сондықтан да бірқатар режиссерлер дайын фильмдерінің көрсетілімін келесі жылға жоспарлауда. Әлемдік Канн фестивалі де биыл болмайтын болды. Кино өндірісі үшін бұл айтарлықтай қиын мәселе. Алдағы мақсаттар мен даму тенденциясын сұрыптауға тосқауыл. Америкалық әйгілі Netflix — киноөндірісі компаниясы кейінгі жылдары отыз миллиард долларға тапсырыс жасайды. Дүние жүзі бойынша осы компания Оңтүстік Корея мен Исландияда түсірілім жүргізуде. Басқа жерлерде кинотүсірілім қазір толықтай тоқтап тұр. Осыдан келіп киноны сақтандыру компаниялары да сақтандыру жұмыстарынан бас тартуда. Бұрын соңды жер бетінде кездеспеген тосын жағдайлар мәдениет саласына да тікелей әсерін жасады. Одан қалай шығамыз? Сауалдар көп, дәл қазір былай болады дейтіндей жауап жоқ.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ – мектеп мұғалімі , Шымкент қаласы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, карантиннің 11 мамырға дейін созылатынын айтты. Президенттің сөзінен елімізде азық-түлік қоры жеткілікті екенін білдік. Жалпы айтар болсам, біз секілді 1990 жылдардағы дағдарысты көргендер үшін қазіргі дағдарыс аса қорқынышты емес. Расында да, егемендіктің алғашқы жылдарында мемлекетте қазіргідей мүмкіндік жоқ еді.

Қазір ең бастысы, мемлекеттен бөлініп жатқан қолдау өз иелерін тапса болғаны. Сондықтан барлығымыз қолда бар ресурстарды пайдаланып, мемлекет қаржысы мен қайырымдылыққа бөлінген көмектердің қолды болмауын қадағалауымыз керек. Президент індетпен күрес барысындағы кемшіліктерді білетінін және одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізуі көңіліміздегі үмітті өсіре түсті десем болады.

Мұғалім ретінде айтар болсам, мынау індет қашықтан оқытуға мәжбүрледі. Қалай болғанда да, қолжетімді барлық мүмкіндікті пайдаланып, 4-тоқсанды аяқтауымыз керек. Интернет арқылы мұғалім телефон, ватсап желісін пайдаланса болады. «Жоқ» деп қарап отыруға біздің моральдық құқымыз жоқ...

Білім және ғылым министрлігі де тиісті әрекет жасап жатыр. Мектептердегі компьютерлерді жағдайы төмен отбасылардың балаларына жеткізіп беруді ұйымдастырды. Жедел түрде телесабақтар өткізуді қолға алды. Мұғалімдердің де үлкен бөлігі қашықтан оқытуға төселіп қалды. Олар онлайн оқытуға да дайын еді. Бірақ оған еліміздегі интернет байланысы дайын болмады. Оның үстіне оқушылар мен мұғалімдердің көпшілігінің қолындағы смартфон, компьютер секілді ақпараттық-коммуникациялық технология онлайн-байланысты көтере алмайтын болып шықты. Тіпті кейбір отбасыларда теледидар да жоқ екен. Бұл енді оншақты күнде шешілетін және бір министрлік шешетін мәселе емес. Ендігісін ел үкіметі ойлана жатар.

Қуат Есімханов, мемлекет және қоғам қайраткері:

Әр күн сайын Алланың рақымы түсіп, таң шапағы шаңырағыңызға шаттығы мен қуанышын сыйласын! Көңілге күдік пен қорқыныш орнатқан кеселді дерттің беті қайтып, ауырудың емі табылсын! Жазылғандар қатары көбейе берсін! Ең бірінші адамның пиғылы, соған қарай Алланың сыйлығы деген. Пиғылымыз дұрыс болса, әлі талай жақсылықтар төбемізден нұр болып төгіледі. Ұлы абызымыз Абайдың қырықыншы қара сөзінде: «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?» дейді. Хәкім айтқандай тыныштық болсын. Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық.

Бұл індет жер бетіндегі кісілердің байы да, кедейі де жұмыр басты пенде екенін жетесіне жеткізіп түсіндіргендей болды. Мемлекет қолынан келетін көмегін аянып жатқан жоқ. Жұмыссыз қалған азаматтардың бәріне де қолдау көрсетілуде. Барға қанағат қылайық, ағайын. Қазір мына жаман індеттің көзін жою – бірінші кезектегі мәселе. Қалғанын кейін көрерміз. Енді адами парызымыз ішкі жан дүниемізді тазалап, барынша адал өмір сүруге ұмтылайық. Адамзаттық асыл армандарға лайық болайық. Ол мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі лазым. Айтайын дегенім сана-сезіміміз пендешіліке салынбай, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады.

Алла амандығын берсін!



Соңғы жаңалықтар