Төтенше жағдайдағы қайырымдылық рухымыздың мықтылығын көрсетеді - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай режиміндегі қайырымдылық шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иә, қазір күрделі де қиын уақыт. Бірақ, бұл қиындықтан қашу, еңсені түсіру дегенді білдірмейді. Елімізде күн сайын жүздеген волонтерлер, меценаттар қайырымдылық жасауда. Өнер адамдары онлайн-концерт беріп жатыр. Одан басқа да мейірім мысалдары көп. Осының барлығы рухымыздың мықтылығын дәлелдейді», - деп атап өтті министр Хабар 24 арнасындағы онлайн брифингте.

Бұл шараға бизнес өкілдері де атсалысуда. Мысалы, «Кар-Тел», «Кселл», «Мобайл Телеком-Сервис» компаниялары коронавируспен күресіп жатқан барлық дәрігерлерді тегін ұялы байланыспен қамтамасыз етті. Төтенше жағдай кезінде елімізде 20 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне тегін байланыс және интернет пакеті берілген.

«Солтүстік Қазақстан облысында мейрамхана, кафе және асхана иелері тәулік бойы жұмыс істейтін дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тегін ыстық тамақ тасып жүр. Елордада күніне 200-ге жуық дәрігерге ыстық тамақ беріледі. Алматыда халықаралық мейрамханалар желісінің бірі күштік құрылым қызметкерлеріне түскі ас жеткізуде. Мұның барлығын кәсіпкерлер өз бизнесі тоқтатылғанына қарамастан жасап жүр», - деді Д. Абаев.

Сонымен бірге, министр бизнесін корғаныс құралдарын шығаруға бұрған кәсіпкерлерді ерекше атап өтті.

«Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында антисептик шығару жолға қойылды. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің зертханасында да анстисептик шығарыла бастады. Жақын арада мұндай өндірістер өзге облыстарда да ашылады», - деді Дәурен Абаев.

Бұған дейін Д. Абаев коронавирус індетімен күресіп жатқан дәрігерлердің айына 1 млн теңгеге дейін үстемеақы алатынын айтып берді.


Соңғы жаңалықтар