Төтенше жағдайда билікке сенім мен жұртта жауапкершілік болуы керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ғана емес күллі әлем бүгінгі күні алмағайып тіршілік кешуде. Коронавирус індеті жер шарын жайлап барады. Індеттің шарпымаған өңірі барған сайын тырала түсуде. Бұндай жағдайда Қазақстан басшылығы қалай әрекет етуі керек?

Елімізде бұған дейін төтенше жағдай жарияланды, осылайша вирустың жаппай таралуына жол берілген жоқ. Әйтпесе, шынымен де біздікі секілді елдерде коронавирусқа шалдыққандар саны ондаған есе көп. Осы бағыттағы шаралардың жалғасы ретінде жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты республика телерадиоарналардан халыққа мәлімдемесін жолдады. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысын білдірген Президент Қазақстанда қиын жағдайға қарамастан ешқандай дүрбелең тудыруға жол берілмейтіндігін айтты. Әлеуметті қолдауға, экономиканы құлдыратпауға бағытталған топтамалар алға тартылып, нақты тапсырма жүктелді. Мемлекет тарапынан ел тұрғындарына арналған материалдық көмек шаралары жарияланды. Дәл осы кезде халық та мемлекетке қолдау көрсетуі керектігін атап өтті.

Шындығында да бұл – аса маңызды мәселе. Дүниежүзінде 262 ел бар. Бүгінгі деректерге сүйенсек COVID-19 жер бетіндегі 190 елде тіркелген. Орташа есеппен бұл індетті жұқтырғандардың 4,7% дертті көтере алмай қайтыс болуда. Медицинасы жақсы дамыған және ел тұрғындарының билігі қойған талаптардың орындалуы барысына қарай мұндай көрсеткіш әр елде әртүрлі. Мысалы АҚШ - та – 1,8% өлім жағдайы тіркелсе, іргеміздегі Қытайда – 4%, Италияда – 11%, ал енді Ливия, Сомали, Орталық - Африка Республикаларында – 0%. Солтүстіктегі көршіміз Ресей әзір 0,5% деп отыр. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Бұған дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы жариялағам шаралар топтамасына қосымша, жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым», - деді.

Жалпы орташа есеппен алғанда бұл жолы мемлекет тарапынан 500 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұған қосымша еліміздің ауқатты азаматтары да аз қамтамасыз етілген тұрғындарға қол ұшын созып, жәрем беруді бастап кеткенін ескерейік. Бүкіл әлем коронавирус індетіне байланысты күрделі кезеңді өткеріп отыр. Экономикалық тұрғыда мықты елдер ғана өз халқына мұндай тікелей көмекті жасай алады. Кешегі бір одақта болған, бүгінде Евразиялық Одақта серіктес Беларусь Президенті Лукашенко ешқандай төтенше жағдай мен карантинді республика экономикасы көтере алмайтындығын ашық мәлімдеді. Бір ғана Мәскеуде төтенше жағдай жариялануына байланысты алғашқы күні 14,9 мың қоғамдық тамақтану орны мен 40 мыңнан астам дүкен жабылған. Әлемдік экономиканың көшбасшысы АҚШ бюджетінің 2020 жылғы екінші тоқсанындағы дефициті екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі шамада болатындығын экономистер есептеп шығарды.

Бұл – жер планетасының барлық тұрғындары мен ғаламдық экономикаға төнген уақытша қиындық болар. Бүткіл әлем елдері бірігіп оны міндетті түрде жеңері сөзсіз. Біздің Қазақстан да сол жолда бар күш-жігерін салуда. Сол мақсатта мемлекет және қоғам біргіп барша азаматтарымызға қолдау көрсетуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ешкімді көмексіз қалдырмаймыз деуі соны білдіреді. Әлбетте қазіргі ең басты еліміз бірігіп орындауы тиіс қағида: шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп осы мәселеге қатысты өз пікірімен былайша бөлісті: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде талай мәселені айтты. Күн сайын дертке ұшырағандар саны артып, жұрттың көңілі пәсейген тұста ең басты нәрсені - Ертеңгі күнге деген Сенімді оятты! Халыққа жанашырлық көрсетті. Ел-жұрт Мемлекеттің қолдауын сезінді. Бір адам от жақса - он адам жылынады. Бір ауыз жылы сөзге - миллиондаған адам жылынады! Жан жылуымызды жоғалтпайық!».

Расында да Президенттің мәлімдемесіндегі пәрменді сөздері көңілге ерекше демеу берді. Қалай болғанда да алда тұрған сын белестерден білекке – білек, жүрекке - жүрек, тілекке – тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгі ұстап қалу одан да қиын екендігі, бүткіл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан – жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Осындайда еңсесі түскен елдің есін жиғызған, жапа шегіп, зар жылаған халықтың көзінің жасын тыйғызған кімдер еді деген сауалды төтесінен қойғанымыз жөн. Азаматынан айрылған заманда арғымаққа қайта ер салдырған, ел тұтастығының туын қайта қолға алдырған қасиетті бабаларымыз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би еді. Сөз қасиеті – ем қасиеті.

Осы тұрғыда Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай былай дейді:

«Ауру кірді - әлек кірді» деген нақылды қазіргі біздің елдегі ғана емес, әлемдегі жағдайға қатысты айтуға болады. Қарап отырсаңыз, ақылға салып, ғаламдық індеттің алдын алғандар да, жоспарлы, жүйелі іс қамдағандар да жетерлік. Сонымен бірге даурыққандар да, дүрмекке қосылып шапқандар да, дүбірді көргендер де, оған ергендер де көп. Айтқан әңгімелері, болжамдары одан да қырғын. Терең білімді мамандарды, вирустанушы, зерттеуші дәрігерлерді есептемесек, көпшілігі (оның ішінде блогер де, балгер де, саяхатшы да, саясатшы да, кездейсоқ көріпкел, шешен, ділмар т.б. бар) елге ақыл-кеңес айтудан жаппай жарыс өткізіп жатқандай әсер қалдырады. Оның дұрысы мен бұрысын таразылап жатқан біліктінің қарасы аз секілді.
Әрине, ел тиісті ақпаратқа зәру болып отырғанда, жалаң ақылдан гөрі індеттің себебі мен алдын алу жолын, жөнін анық айтса, сөз шығыны да азайып, қайран уақыт та зая кетпес еді. Қаражат та рәсуә болмас еді-ау деп ойға қаласыз. Бүгінгі басты мәселе - сондай әсіре пысықайларды орнына қою, яғни білген мен білмегеннің парқын ажырататын көзқарас қалыптастыру болса керек. Жартыкеш кеңесті, шала-пұла пікірді қарша бората беру жалпы халыққа еш пайда келтірмейді. Әлі де болса түрлі ақпарат арналарына жоғары білікті мамандардың ғана шығып, сөйлеуіне жол ашсақ, денсаулық мінберіне білімі мен тәжірибесі, моральдық құқығы бар адамдар ғана көтерілсе дейміз. Расы, халық осыны қалап, аңсап отыр. Береке-пәтуаға жұмылсақ, көп іс оңғарылады. Оның үстіне ұлт тарихындағы небір сынақ пен талқыда жұртшылықтың ұйымшылдыққа, бірлікке, жауапкершілікке ұйыған кезеңін, сәттерін бүгінгі ұрпақ есіне салу - баршамыздың борышымыз. Елге қашанда орнықты байлам, түсінікті пәтуа ауадай қажет. Оны да айта алатын адамы айтуы керек. Қаншама ұлт пен ұлыс жер бетінен жойылып кеткенде, қазақ халқы ақылы мен намысын алға салып, жамандықты амандыққа жеңгізген.
Бұдан да қиын, күрделі кезеңді бастан өткеріп, ұлан байтақ жерді де, елді де шашауын шығармай ұрпағына аманаттаған. Өткеннің өнегелі ізі, сын сағатта санада қатталған сөзі - бұған дәлел. Ежелден қалыптасқан елдік қағидалар мен өмірлік ұстанымдарды ұмытпалық.
Мәселен, ғасырлар бойы ақылды байытып, рухқа дем берген халық даналығына жүгінсек, кезінде береке-бірлікпен сүзек, оба, шешек т.с. сияқты індеттерден құтылған қазақ «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деп ескерткен. Сондай-ақ «Қотыр қолдан жұғады, таз тақиядан жұғады» деп қадап айтқан.
Осындай тағылымды, дәлдікке келсек, халықтың дәстүрлі кеңесін неге пайдаланбасқа? Үрей шақырмай-ақ «Ауру - өлімнің алғашқы елшісі» деп, науқасқа ащы «диагноз» қойған. Әрине, сақтық үшін. Дертке бой алдырған кісіге күш беріп, серпілту мақсатында «Демі бардың емі бар» екенін жеткізген. Бұл қиналған жан иесіне дем салғандай емес пе? Ал «Аурудың зардабын ауру баққан біледі» деген мақалмен әрі жауапкершілікті, әрі ағайын-туыстың парызын пайымдаған. Сондай-ақ, қоғамдық ортаның ортақ проблемасын шешу де - сол асыл қазынамызда. «Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды, Байлауды керек етпесең, жара жазылмайды». Бұл - үйдің төріне де, аурухананың төріне де жазып қоюға лайық сөз. Демек, ертеден үзілмей келе жатқан дәстүрді ұмытпай, жаңа технология мен инновацияны халық даналығына сай ұтымды пайдалансақ, бұл талғам-түсінік, пайым-парасат ғаламдық індетті еңсеруге де жәрдемін тигізбек.
Ата-баба сөзі мен өсиетінің қасиетін ұмытпасақ, денсаулықтың да, дәрігердің де, дәрінің де қадірін, берекесін қашырмаймыз. Қайта ұлт даналығы мен ем-домдағы дәстүр сабақтастығын сақтап, Қазақ елінің баянды болашағына шын жанашыр, жанкүйер боламыз»...

Расында да, бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат еліне шын жаны ашыса әлем халқының басына түскен сын сағатта халқын алға бастар жол іздейді. Өрге бастайтын жолды ұсынады. Біз дүниені дүрбелеңге салған індет дағдарысынан демікпей шығайық. Ол үшін ықтимал сын – тегеуріндерге тыңғылықты шеп құрып, бірге болайық! Сын сағатта билігімізге сенейік!


Соңғы жаңалықтар