Төтенше жағдай жариялануы мүмкін – Ильин Түркістан облысындағы жағдайға қатысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркістан облысындағы елді мекендерді су басуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Түркістан облысында орын алған жағдай алдын ала болжанған. Біз Үкімет отырыстарында қардың мол түсіне байланысты дәл осы Түркістан облысында күн күрт жылынғанда қатердің бар екендігін бірнеше рет баяндадық. Барлық болжамымыз тура келді. Жергілікті атқарушы органдар, ауылдық округ әкімдері мен ТЖМ бөлімшелері дер уақытында қабылданған іс-шаралардың арқасында қатерді төмендеттік», - деді министр.

Оның атап өтуінше, үйлердің аулаларын су басуға қатысты фактілер бар. Олардың басым бөлігі жойылды. Күштер мен құралдар жеткілікті. Сонымен қатар министр Арыс өзеніне жапсарлас аумақтар тағы бір тексеріліп, су деңгейіне барлау жүргізілетінін атап өтті.

Ведомство басшысының айтуынша, тасқын судан ең көп зардап шеккен Сауран ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

«Қазір ғана су басқан үйлердің біразына кіріп шықтық. Дәл сол ауылға қатысты төтенше жағдай жариялау мүмкіндігі қарастырылатын болады. Бұл жайт адамдардың қалыпты тіршілігін қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу үшін қажет», - деді Юрий Ильин.

ТЖМ мәліметінше, Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары біртіндеп үйлеріне оралуда. Қазіргі уақытта суды бұру жұмыстары жүргізілуде. 200-ге жуық аула судан босатылды. Жалпы 85 аула аумағынан 197 текше метр су сорып шығарылды. ТЖМ және жергілікті атқарушы орган күштерімен аула аумақтарынан суды сорып шығару жұмыстары жүргізілуде, құм салынған қаптарды төсеу және су бұру арналарын тазартылып жатыр. Барлығы 15 300 қап төселді.

Республикаық және облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Штабтар базасында жедел желі телефондары ашылды.

Кеше Түркістан өңірінде бірнеше елді мекенді су басып қалғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Жекелеген ауылда тұрғындар үйлерінен эвакуацияланды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов Кентау қаласы мен Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялауды ұсынды.


Фото: t.me/qr_tjm


Соңғы жаңалықтар