Төтенше жағдай режимі: Ақмола облысында азық-түлік жеткілікті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында төтенше жағдай режимі кезінде аймақ тұрғындары толықтай азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ербол Жақсылықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы күні Көкшетауда көтерме саудамен айналысатын бірқатар компания бар. Олар бөлшек саудамен айналысатын дүкендерді қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бір ғана «Small» дүкендер желісінің өз дистрибьюторы бар, ал қалғандары осы компаниялардан сатып алуда. Еліміздегі төтенше жағдайлар режимі кезінде «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы күн сайын көтерме сауда компаниялары жеткізген азық-түлік көлеміне мониторинг жүргізіп отырады.

Көкшетау қаласының дүкендерінде ұн, макарон өнімдері, сүт және сүт өнімдері, ет жеткілікті. Осы ретте, Ақмола облысында тауық еті, жұмыртқа, сиыр еті, шұжық және сүт өнімдері тәрізді азық-түлік өнімдерінің шығарылатынын атап өткім келеді. Бұдан бөлек, өзге өңірлерден азық-түлік өнімдерін шығарушылар тауарларын жеткізеді. Бұған еш кедергі жоқ», - дейді Ербол Жақсылықов.

Сонымен қатар, ол азық-түлік емес тауарларды (жеке гигиена заттары, тұрмыстық химия, техника) өңірге бұрынғысынша өндіруші компаниямен жасалған келісімшарт шеңберінде жеткізілетінін атап өтті. Осы ретте, шекара жабылғандықтан тауар түспей қалады деп алаңдауға еш негіз жоқ.

«Ақмола облысының тұрақтандыру қорының жұмысына келетін болсақ, бұл азық-түлік өнімдерінің маусымдық ауытқуын реттеп отыратын құрал. Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерінің тізімі жасалған. Осының шеңберінде аталмыш азық-түліктер арзанға сатып алынып, баға өскен кезде ішкі нарыққа шығарылады. Тұрақтандыру қорына қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді», - дейді Ербол Жақсылықов.

Айта кетейік, көкшетаулықтарға тұрақтындыру қоры есебінен «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының павильоны «Қамқор» базарынан азық-түлік өнімдерін сатып алуға болады. Мұнда жарманың келісі – 267 теңге, күріштің келісі – 280 теңге, «Гормолзаводтың» сары майының келісі – 2400 теңге, «Сочинское» (Атбасарский район) күнбағыс майы – 1900/бес литр, бірінші сортты ұнның келісі – 110 теңге.


Соңғы жаңалықтар