Төтенше жағдай: Өңірлер қалыпты өмірге қайта орала бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде төтенше жағдай және тероррлық қауіптің «шекті қызыл» режимі жарияланғаны белгілі. ҚазАқпарат ел өңірлеріндегі ахуалға шолу ұсынады.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында елге төнген қауіп-қатердің беті қайтқанын айтты.

«Құрметті достар, әріптестер, қазіргі уақытта Қазақстанда Конституциялық тәртіп қалпына келтіріліп, қайта орнады. Елге төнген қауіптің беті қайтарылды. Бүгінде лаңкестікке қарсы операция аясында елге болған жағдайға қатысы барларды анықтап, табу жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде құзырлы орган 8 мыңға жуық адамды ұстады. Құқық қорғау органдары ұсталғандардың лаңкестікке, бұзақылыққа және кісі өліміне қаншалықты қатысы барын тексеріп жатыр», - деді Президент.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі ел өңірлеріндегі азық-түлік базарларының 10 қаңтардағы жұмыс кестесін жариялады.

Кестедегі тізімде 16 өңірдегі 139 базар берілген. Алайда оның тек 119-ы 10 қаңтар күні жұмыс істейтіні көрсетілген.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, 10 қаңтар күнгі 09-00-дегі жағдай бойынша жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бизнеске келген шығын көлемі 93,7 млрд теңгеден асқан.

QazAvtoZhol ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстандағы автомобиль жолдарының бәрі ашық.

Қысқы күтіп ұстау мен тазарту жұмыстары штаттық режимде жүріп жатыр.

10 қаңтардан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысын қоспағанда, Қазақстанның барлық өңірінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын қайта бастады.

Жалпы, бүкіл ел бойынша ЖОО жатақханаларында қалған студенттер саны аз. Елдегі жалпы студенттердің 4%-ы немесе 6 мыңға жуық студент қалды.

ЖОО-лардың басшылығы жатақханада қалған студенттерге азық-түлік және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп жатыр.

Сол үшін жедел желі телефондары жұмыс істеп тұр.

Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Талдықорған, Тараз және Қызылордадағы басып алынған барлық әкімшілік нысандар азат етілгенін мәлімдеді.

Нұр-Сұлтан

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында көптеген тұрғындар әдеттегідей таңертеңнен бастап жұмысқа кетті. Автобустар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Бүгін таңертеңнен бері қала аумағында интернет үзіліссіз жұмыс істеуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз қызметін қайта бастады. Бүгінде елордада жағдай тұрақты.

Азық-түлік дүкендерінде, супермаркеттерде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мүмкіндігі бар. Астанада 19 қаңтарға дейін 23.00-7.00 аралығында коменданттық сағат күшінде.

Алматы

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылдың 4-8 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 2 экстремистік топ құрықталған.

10 қаңтарда Алматы қаласында барлығы 193 рейс жоспарланған («Эйр Астана» және «Fly Arystan» - 134, «SCAT» – 37, «Qazaq Air» – 22), оның ішінде 2 рейс кешіктіріліп, 102 рейс тоқтатылды. Рейстердің кешігуі мен тоқтатылуының негізгі себебі –Алматы қалаласындағы әуежайдың жабылуы.

Бүгінде Алматыда күніне 80 тонна әлеуметтік нан пісіріледі.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағында 3 ірі нан зауыты-Ақсайнан, Алматынан және Рузинанан нан-тоқаш комбинаттарының жұмысы жалғасуда.

Бұл кәсіпорындар күніне шамамен 80 тонна әлеуметтік нан шығарады. Өнімнің бағасы бұрынғы деңгейде қалды (Ақсайнан- 80 теңге/бөлке, Алматынан – 85 теңге/бөлке).

Қалада барлық ірі сауда желілерінің (Магнум, Смолл, Тоймарт, Метро, Юбилейный, Столичный, Маймарт, Галмарт, JLC және Асыл Ет), сондай-ақ «У дома» дүкендерінің жұмысы қайта жанданды.

Алматы қаласы мен ел өңірлерінің өндірушілерінен азық-түлік жеткізу арналары қалпына келтірілді. Шаһардағы ірі сауда маркеттері мен базар, жанармай құю станцияларының жұмысы да жанданды.

Қаладағы вокзалдары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Алматы қаласы комендатурасының соңғы ақпараты бойынша, қалада террористік шабуылға, тонау және басқа да қылмыстарға қатысқан 508 адам ұсталды. 22 атыс қаруы мен 1 412 оқ-дәрі тәркіленді.

Комендатураның call-орталығына жедел ден қоюды талап еткен азаматтардан 525 сигнал келіп түскен.

Алматы облысы

Облыс комендатурасының жедел ақпараты бойынша, Талдықорған қаласы қазір толығымен биліктің, құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің бақылауында.

Қалада терроризмге қарсы операция әлі жүріп жатыр. Облыс орталығы мен тұтас өңірдің аумағында 20.00-ден 07.00-ге дейін коменданттық сағат күшінде.

Талдықорған аумағында 20 блок пост орнатылған, 10 жанармай құю стансасы іске қосылған. Көптеген азық-түлік дүкендері мен сауда желілері жұмыс істей бастады, жақында қоғамдық көлік іске қосылады.

Ал Талдықорғандағы Халық банк банкоматтары алдағы 2-3 күнде жұмысын бастайды.

Қызылорда облысы

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, төтенше жағдай режиміне байланысты облыстық полиция департаменінің базасында жедел штаб жұмыс істеп тұр.

Бүгінге дейін тәртіпсіздікке қатысы бар делінген 365 азамат полицяға жеткізілді.

Арнайы операциялық топ уақытша қамау изоляторына 54 азаматты қамауға алды. Оның 40-ы төтенше жағдай режимін бұзған.

Олардан 3 атыс қаруы, 13 суық қару, 8 қалған, 4 каска, 5 сойыл тәркіленді.

7 қаңтардан бері өңірде 1414 бірыңғай желісі қоңырау қабылдап тұр. Осы аралықта тұрғындарда 4432 қоңырау түскен.

«Қызылорда облысы бойынша тіршілікті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде азық-түлік қорының тапшылығы жоқ. 34 әлеуметтік дүкен қалыпты жұмыс істеуде. Тұрақтандыру қорында 1448 тонна өнім сақтаулы. Апта сайын 120 автокөлік Түркістан қаласынан азық-түлік тауарларын тасымайлдайды. Тұрмыстық тіршілікке қажетті газ, бензин қорында жетіспеушілік жоқ. Қазіргі таңда сұйытылған газ бағасы 60-65 теңгеден, АИ-92 маркалы бензин 180 теңгеден, дизель 229 теңгеден сатылып жатыр. Шағын және орта бизнес иелері де қалыпты жұмысты бастады. Бүгінде 17 базар, 89 ірі сауда үйлері, 129 жанармай құю стансасы, 359 дәріхана желісі мен азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр», - делінген әкімдік мәліметінде.

5 қаңтардан бүгінге дейін 204 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 48-ы ауруханаға жатқызылды, 13-і жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.

Облыста коменданттық сағат режимі сақталуда.

Арнайы комиссияның алдын ала мәліметі бойынша өңірдегі тәртіпсіздіктерден келген зардаптың мөлшері 6 млрд теңгеден асады.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысында жағдай тұрақталып келеді. Ахуал жергілікті биліктің құрған жедел штабының қатаң бақылауында.

Облыс орталығы Тараз қаласында террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылып, 269 бүлікші ұсталды. 20 қылмыстық іс қозғалды. 104 әкімшілік іс қозғалды.

Жалпы, 15 адам қаза тапты. Оның 2-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Әкімдікті өртеген белсенді 4 адам ұсталып, 2 калашников автоматы тәркіленді.

Қаруланған топқа қарсы полиция, ҰҚК департаменттері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының 2000-нан астам қызметкері, 100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылды.

7 полицей жарақат алса, оның ішінде 2-іне оқ тиген. 100-ден астам қызметтік көлік зардап шекті. 283 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген, оның 42-сі ауруханада жатыр.

Теміржол вокзалында 23.00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды.

Қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Облыс бойынша 29 блокпост жұмыс істеуде, оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блокпост қойылған.

Барлық көліктер тексерілуде. Бүгінгі таңда оларға 4 рет шабуыл жасалған.

Өңірде зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Зардап шеккен әлеуметтік нысандар жоқ.

Маңызды стратегиялық нысан болып табылатын Қордай ауданындағы Отар әскери қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-ді әскерилер қорғап тұр.

Коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысы аумағында құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.

Облыстағы жағдай полицияның толық бақылауына алынды.

«Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 169 азамат жеткізілді, оның 149-ы әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта 3 адам қамауға алынып, 4 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр. Сотқа дейін тергеу жалғасады»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Атырау облысы

Тәртіпсіздіктер кезінде Атырауда жаппай тәртіпсіздіктен 49 полицей мен 27 сарбаз жарақат алған. Жергілікті теміржолшылар солар үшін қан тапсырып жатыр.

Атырау теміржол бөлімшесінде жұмыс істейтін 2000-ға жуық теміржолшы жарақат алғандарды қолдау үшін қан тапсыруға келіскен.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегі бойынша, Атырау өңірінде сұйытылған газ қоры жеткілікті.

Жалпы облыста 89 газ құю стансасы бар. Президент тапсырмасына сәйкес, Атырау облысында сұйытылған газ бағасы төмендеді.

Мәселен, Атырау қаласы мен Махамбет, Индер, Исатай, Мақат аудандарында сұйытылған газ бағасы 50 теңгеден сатылып жатыр.

Ал, облыс орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарындағы баға – 55 теңге. Қазір өңірде көліктерге сұйытылған газ құятын 89 станса бар.

Оның ішінде 51 станса - Атырау қаласында, ал, қалғаны - аудандарда орналасқан. Облыста қазір 2700 тонна сұйытылған газ бар.

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысында 8 қаңтардан бері ахуал тұрақты.

Сұйытылған газ құю бекеттерінде газдың 1 литрі 50 теңгеден сатылып жатыр. Супермаркеттер жұмысы жанданды.

Алайда төтенше жағдай режиміне байланысты жұмыс уақытына шектеулер бар.

Маңғыстау ауылындағы теміржол вокзалының жұмысы толықтай қалыпқа келді. Жолаушылар пойызы кесте бойынша жүріп жатыр.

Маңғыстау облысындағы әлеуметтік экономикалық жағдайды қарастыру жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысын әрі қарай Нұр-Сұлтан қаласында жалғастыратыны хабарланды.

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бмәліметі бойынша, 5-9 қаңтар аралығныдағы тәртіпсіздіктер кезінде 69 әскери қызметкер зардап шекті.

11 полиция көлігі қиратылып, оның 10-ы бүлінді. Жалпы облыс аумағныда мыңнан астам ұсталып, 66 адам қылмыстық істер бойынша қамалды.

7 азамат коменданттық сағат талабын юұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, өңірдегі жағдай қатаң бақылауға алынған.

Қазіргі таңда барша дүкендер, дәріханалар медициналық мекемелер коменданттық сағат режимін сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер бойынша да жағдай тұрақты. Облыстағы екінші деңгейлі банктер төлем жүйесін толықтай іске қосып жатыр. Терреорзим және экстремизммен күрес жөніндегі облыстық штаб тәртіпсіздіктер кезінде келтірілген шығын мөлшерін анықтап жатыр. Оны алдын ала жариялау мүмкін емес», - Даниал Ахметов.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысының өнеркәсібі тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Қарағанды облысының кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбекке аппараттық кеңесте баяндалды.

Облыстық өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбековтің айтуынша, жалпы облыс бойынша шикізатты, дайын өнімді, сондай-ақ жұмысшы персоналды тасымалдау және жеткізу бойынша проблемалар байқалмайды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергия көздерінің жұмысында да проблемалар жоқ.

АЛ ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің сөзіне қарағанда. облыс бойынша жылыту маусымы тұрақты өтуде.

Тіршілікті қамтамасыз етудің барлық объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өңірдің сегіз станциясында 37 қазандық, жетеуі резервте жұмыс істейді.

Қостанай облысы

Қостанай облысының аумағында 9 қаңтардан бері 14 блокпост орнатылды.

Төтенше жағдай енгізілгеннен бері заңсыз іс-әрекеттері үшін облыста 650-ден астам адам ұсталған. 220 адамға қатысты іс әкімшілік сотқа жіберілді. Олардың барлығы 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Түркістан облысы

Түркістан облысында 19 тауар түрінің бағасы тұрақтанды.

Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызды тауарлардың 19 түрінен кемінде 1-1,5 айға қор жасақталған.

Қазіргі таңда «Экобазар» сауда қоймасына қажетті тауарларды жайғастыру жоспарлануда.

Облыста сұйытылған газ бағасы литріне – 60-65 теңге аралығында, көп қолданыстағы Аи-92 маркалы бензин бағасы литріне – 181 теңге, дизель отыны литріне – 229 теңгеден саутылып жатыр.

Комменданттық сағат кезінде таңертең түнгі сағат 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылған.

Облыс аумағында соның ішінде аудандар арасында көлік құралдарының жүріп-тұруына шектеулер орнатылды.

Сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарымен, Шымкент қаласына кіретін-шығатын жолдарға, аудан арасында блок-бекеттер қойылды.

Төтенше жағдай кезінде азаматтардың жеке құжаттары, көліктері мұқият тексерілуде.

Бейбіт жиналыстар, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.

Шымкент

Шымкентте сұйытылған газ бағасы 60 теңгеден сатылып жатыр.

Қаладағы екі күн қатарынан болған жаппай тәртіпсіздік салдары әлеуметтік нысандарға көптеген шығын алып келді. Сәулетті қаладағы 10-ға жуық коммерциялық нысандар қиратылып, автокөліктер өртенді.

Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған видеолар жарияланды.

Батыс Қазақстан облысы

8 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысында бес блокпост орнатылды.

Қазір өңірде жағдай тұрақты. Тұрғындар талабынан кейін өңірде сұйытылған мұнай газының бағасы 60 теңге болып бектілген.

Бүгін мұнда да халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы жанданды.


Соңғы жаңалықтар