Төтенше жағдай қызметкерлері 1,5 млн тұрғын үйді тексеріп шықпақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 24 мың тұрғын үйден өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылуының 56 мың фактісі анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 тамыздан бастап ТЖМ бөлімшелері халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге бағытталған Өрт қауіпсіздігі республикалық акциясын өткізіп жатыр. Әлеуметтік қорғаныс органдарының ақпаратына сәйкес, халықтың әлеуметтік әлсіз тобынан 107 мыңнан астам тұрғын үй есепке қойылды. Оларды аралап шығу аяқталды. Өкінішке орай, 2 мыңнан астам үйдің тұрғындары тексеруден және кеңес алудан бас тартты. Аталған санатқа кіретін азаматтардың үйлерін қайтадан аралап шығу қараша мен желтоқсанда жүргізіледі», - деді министр.

Оның дерегінше, тексерілген 24 мың тұрғын үйден өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылуының 56 мың фактісі анықталды. Олардың 26 мыңнан астамы бірден жойылды. Осы жылдың соңына дейін 1,5 млн-нан астам тұрғын үйді тексеріп шығу жоспарланып отыр.

«Жаз мезгілінде жеке тұрғын үйлерге 6 944 датчик орнатылды. Соңғы 3 жылдың ішінде тұрғын үйлерге әкімдіктердің және демеушілердің қаражаты есебінен 124 мыңнан астам автономды датчик орнатылған болатын. Олар өткен жылу беру кезеңінде 140 азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік берді», - деді Юрий Ильин.


Соңғы жаңалықтар