Төтенше жағдай кезіндегі волонтерлардың еңбегі зор - Гүлнар Қабиева

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай кезінде Ақтөбеде 150 волонтер ауызбіршілікпен жұмыс істеді. Олар кәсіпкерлер көмегімен сатып алынған азық-түлік пен дәрі-дәрмек, қорғаныш құралын мұқтаж жандарға уақытылы жеткізіп отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде еріктілер қатарында студенттер ғана емес, жас жұмысшылар да бар. Олар кен орындарында, банк саласы мен өндірісте жұмыс істеп жүріп, бос уақытында қайырымдылық шараларына үлес қосады.

«Төтенше жағдай жарияланған соң еріктілерді іріктеп, нақтылап, бір топ құрылды. Құрамында 150 адам бар. Бұл қауіпсіздік үшін қабылданған шешім. Облыстық волонтерлер штабындағы жастар мұқтаж, жалғызбасты қарияларға көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыға көмектесіп жатыр. Азық-түлікті жеткіземіз. Тізімді облыстық жұмыспен қамту және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы береді. Ал тағамды кәсіпкерлер сатып алады. Оны әр үйге апарудың да реті бар. Волонтер арнайы киім киеді, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, пәтерге кірмей, 2 метр арақашықтықты сақтайды», - деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.

Волонтерлердің бәрі алдын ала қауіпсіз көмек беру ережесін үйренген. Олар қорғаныш құралымен қамтылып, антисептик таратылды.

«Тұрғындар үнемі көмек беріп жүрген еріктілердің байланыс телефонын біледі. Көмек қажет кезде хабарласып, айтады. Сол кезде ортақ чатқа адресін салып, жәрдем сұраймыз. Волонтерлер бірден ұсыныстарын айтып, мекенжайға барады. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев та қолдау көрсетіп, волонтерлердің еңбегін жоғары бағалады. Бұл жастардың ынтасын арттырып, жігерлендірді», - Гүлнар Қабиева.

«Жүректен жүрекке», «Ақтөбе – қайырымды жандар», «Волонтер - 2020» секілді топтардың жұмысы ширақ. Олар арнайы шотқа ақша жинап, кейін азық-түлік сатып алып, мұқтаж отбасыларға жеткізеді. Ал «Zello help» тобы болса нақты мекенжайы жоқ, үнемі қайыр сұрап жүретін адамдарды қамқорлығына алып, ыстық тамақ апарып берді.

«Біз көп жайтпен бетпе-бет келеміз. Шын мұқтаж жандардың бар екені рас. Мәселен, біз жас отбасыға бардық. Олар шағын отбасыға арналған жатақхананың жертөлесінде тұрады. Үйіне азық-түлік апарған кезде баласы қолын шапалақтап қуанды. Оның көзіндегі риясыз күлкі мен ризашылықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жастар дәл осындай күндерді көріп өссе, жаман болмасы хақ. Адамдар көмекке мұқтаж, біз қамқорлығымызды аямаймыз, ал олар алғысын айтады. Бір-бірімізді демеп, жанынан табылсақ, елге қосқан кішкене үлесіміз болады», - деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева.



Соңғы жаңалықтар