Төтенше жағдай кезінде алматылықтардың жиналу нүктесін көрсететін қосымша әзірленеді

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда төтенше жағдай кезінде «жиналу нүктелері» қайда орналасқан? Бұл сұраққа бүгін шаһар әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында аудан тұрғыны төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындар бойынша сұрақ қойды.
«Мен «Самал-2» шағынауданында бес қабатты үйде тұрамын. Біз жақта оқу-жаттығу болған кезде қайда барарымызды білмей қалдық. Себебі, айналамыз толған құрылыс нысандары. Қауіпті жағдайда ешқайда қашып құтыла алмайсың. Ғимараттарда ешқандай белгі жоқ. Шағынаудан тұрғындарымен кездесулер болған жоқ»,- деді қала тұрғыны.
Алматы әкімі Ерболат Досаев бұл мәселе бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарына қаражат бөлінгенін айтты.
«Қаланың ескі картасында бүгінгі жаңа ғимараттар жоқ. Сондықтан қаладағы жаңа құрылыстарды ескере отырып, Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қаланың Бас жоспарындағы барлық «жиналу нүктелерін» қайта қарадық. Жалпы, біз түсіндіру жұмыстарына қаражат бөлдік. Алдағы уақытта тиісті кестелер қала әкімдігі, ТЖД сайтында жарияланады. Сондай-ақ келесі жылдың алғашқы жартысында төтенше жағдай кезінде «жиналу нүктелерін» көрсетіп тұратын мобильдік қосымша іске қосылады деп ойлаймын. Көрсеткіш белгілер үшін де қаражат бөліп, орнату керек»,- деді Ерболат Досаев.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков зардап шеккен халықты қабылдау пунктерінің саны 545-ке артқанын жеткізді.
«Келесі жылы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сонлай-ақ әрбір қала тұрғыны төтенше жағдай кезінде қажетті бағытты көре алатын мобильдік қосымша әзірлеуді жоспарлап отырмыз»,- деді Ерлан Әлібеков.


Соңғы жаңалықтар