Төтенше жағдай кезінде әкімшілік істерді сотта қарау уақытша тоқтатылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ел бойынша немесе жекелеген өңірлерде төтенше жағдай режимі енгізілсе, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді сотта қарау уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігі ашық талқыға шығарған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасында немесе оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізілген жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау мерзімі төтенше жағдай алынғанға дейін тоқтатыла тұруы мүмкін», - делінген құжатта.

Әділет министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы нормада төтенше жағдай кезінде істерді қарау мерзімін тоқтату тәртібі жоқ.

«2020 жылы 16 наурыз бен 13 мамыр аралығында төтенше жағдай енгізілді. Бұл ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларында төтенше жағдай кезеңінде әкімшілік істерді қарау мерзімдерін тоқтата тұру тәртібі көзделмеген. Осыған байланысты мемлекеттік органдар өз қызметкерлері мен процеске қатысушылардың (аудармашы, адвокат, сарапшы) денсаулығына қауіп төндіре отырып, іс жүргізу нормаларын сақтау мақсатында әкімшілік істер мен шағымдарды қарады. Ұлт денсаулығы бәрінен маңызды. Сондықтан әкімшілік істер мен шағымдарды қарау мерзімін тоқтата тұруға мүмкіндік беретін норманы қарастыру қажет деп санаймыз», - деп жазылған құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде.

Құжат 13 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар