Төтенше жағдай: Елімізде 8 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті күзетуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде төтенше жағдайда ғы полицейлер жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет атқарудың ерекше режиміне көшті. Ішкі істер органдарының негізгі міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 8 мыңнан астам қызметкер және Ұлттық ұланның 4 мың қызметкері шықты. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету қатаң бақылауға алынды», - деді министр «Хабар 24» телеарнасындағы үндеуде.

Оның айтуынша, патрульдер саны көбейтіліп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету күшейтілді.

«Медициналық қызметкерлермен бірге, ауру күдігі бар азаматтарды анықтау шаралары қабылданып жатыр. Сонымен бірге, коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл бойынша ІІМ жедел штабы құрылды», - деді министр.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 32-ге жетті: Алматыда - 15 адам, елордада – 17 адам.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізіледі.



Соңғы жаңалықтар