Төртінші сыныптағы неміс балаларының 25 пайызы оқи алмайды немесе оқығанын түсінбейді

None
Фото: dw.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Неміс тілінде білім алатын төртінші сынып оқушыларының төрттен бірі оқи алмайды немесе оқығанын түсінбейді, дейді зерттеушілер. Бір қызығы - балалардың басым көпшілігі мектепке барғанды ​​жақсы көреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW агенттігіне сілтеме жасап.

Iglu (Internationale Grundschul-Lese-Untersuchung) халықаралық жобасының зерттеушілері неміс мектептеріндегі бастауыш сынып оқушылары жиырма жыл бұрынғыдан әлдеқайда нашар оқитынын анықтады.

Сейсенбі күні жарияланған зерттеуде неміс мектептеріндегі төртінші сынып оқушыларының 25 пайызы (яғни төрттен бірі) оқыған мәтінінің мағынасын жете түсінбейтіні айтылған.

2001 жылы мұндай балалардың үлесі 17 пайыз болған еді.

Оған себеп болған жағдайдың бірі - мектептерді белгілі бір кезеңге жауып тастаған коронавирус пандемиясы болуы мүмкін. Алайда, зерттеушілердің пікірінше, бәріне тек қана пандемия кінәлі деуге негіз жоқ.

«Оқу үлгерімінің төмендеу тенденциясы 2006 жылдан бастап байқалған. Әрине, пандемия кезінде бұл үрдіс қарқын алып, біздің білім беру саласындағы проблемалар күрделене түскенін мойындау керек», - дейді Дортмунд техникалық университетінің ғалымы Неле МакИлвани.

Оқу үлгерімі нашарлағанымен, балалар сабақтан қалмайды, олар мектепке барғанды жақсы көреді

Зерттеуге сенсек, табысы төмен немесе үйінде неміс тілінде сөйлемейтін отбасы балалары неміс тілінде сөйлейтін ауқатты отбасындағы құрдастарымен салыстырғанда нашар оқиды екен.

Статистикадағы бірден-бір қуантатын жаңалық – балалардың 85 пайыздан астамы бастауыш мектепті жақсы көреді және сабаққа құлшына барады.

2001 жылы мұндай балалар саны аз болды - шамамен 79 пайыз.

Сарапшылар жағдайды өзгерту үшін Германия билігін дереу әрекет етуге шақырды.

1955 жылдан бері Германияның жетекші ұйымы саналатын Arbeitskreis für Jugendliteratur ұйымының төрағасы Ральф Швайкарттың айтуынша, билік оқуды дамытудың нақты, тиімді және бұрыннан қалыптасқан шараларын мақсатты түрде қолға алып, осы бағытқа инвестиция салуы керек.


Соңғы жаңалықтар