Төрт қазақстандық әнші «Опералия-2017» байқауына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге танымал опера әншісі және дирижер Пласидо Доминго негізін қалаған беделді «Опералия» байқауына төрт қазақстандық әртіс қатысады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жиырма бесінші рет ұйымдастырылғалы отырған Опера өнерінің дүниежүзілік конкурсы 2017 жылдың 24 - 29 шілдесі күндері «Астана Опера» сахнасында өткізіледі.

Атап өткен жөн, атақты «Опералия» байқауы жыл сайын әлемнің ең әйгілі алаңдарында өткізіліп келеді. Олардың қатарында - аңызға айналған миландық Ла Скала, Лондондағы «Ковент-Гарден», Корольдік театр (Мадрид, Испания), Филармонико театры (Верона қ., Италия) бар. Ал биыл «Опералия» байқауының жиырма бесінші мерейтойлық маусымы Қазақстанда алғаш рет өткелі отыр.

Байқаудың вице-президенті, Пласидо Домингоның ұлы Альваро Доминго журналистер сұрағына жауап бере отырып, «Астана Опера» театрында байқауды өткізуге барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.

«Опералия байқауы жыл сайын әлемнің түрлі театрларынан шақырту алады. Биыл Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан, Жапониядан, Португалиядан және Қазақстаннан ұсыныстар келіп түсті. Шақыртуларды қарағанда, ЭКСПО-дан бөлек, Астананың соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған заманауи театрына және қызметкерлердің жұмысқа деген ынта-ықыласына назар аудардық. Жүргізілген келіссөздер нәтижесі екі тараптың да көңілінен шығып, «Астана Опера» театрын таңдадық», - деді кіші Доминго.

Айтулы сайысқа әлемнің 17 елінен ең дарынды 40 қатысушы іріктеліп алынады. Биыл онда Қазақстанның төрт орындаушысы - «Астана Операның» жетекші солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты, сопрано дауысты Мария Мудряк және Дәмір Сәдуақасов (тенор), Станислав Ли (баритон) және Расул Жармағамбетов (баритон) бақтарын сынайды.

Соңғы жаңалықтар