Төрт елдің білікті хирургтері Ақтөбеде тегін оталар жасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Қазақстандық хирургтер қоғамының екінші пленумы басталды. Пренум аясында он науқасқа күрделі ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы, Қазақстан хирургтер қоғамы және А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы ұйымдастырған халықаралық пленумның тақырыбы - «Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы шұғыл хирургия аспектілері және басым бағыттарының дамуы».

Екі күнге жалғасатын жиынға Қазақстаннан бөлек, Корея, Ресей, Литва елдерінің білікті мамандары келді. «Ақтөбе облысында медицинаны дамытудың мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Өңірде жаңа заманауи медициналық нысандар салынды. Ескі емдеу мекемелерінің көпшілігі жөндеуден өтіп, жаңартылды, жаңа жабдықтармен жасақталды. Облыста трансплантология, кардиохирургия, онкология, балалар хирургиясы, реабилитология, репродуктология, офтальмология және медициналық ғылым мен тәжірибенің басқа да бөлімдері қарқынды дамып келеді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Шара барысында аймақ басшысы отандық үш хирургке және ақтөбелік азаматтарға 12 рет сәтті ота жасаған оңтүстіккореялық хирург Кванг Вунг Лиге «Ақтөбеге 150 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Сонымен қатар, Ақтөбеде 20 рет сәтті ота жасаған Седат Иылдырым мен жергілікті 4 дәрігер Ақтөбедегі медицинаның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды. «Алғашқы күні шеберлік сабағы өтіп, әр елдің үздік хирургтері 10 күрделі ота жасады. Оның ішінде бүйрек ауыстыру бар. Әйелдердің сүт безіне, өт жолына ота жасалды. Мұндай кездесулер медицина саласының дамуына үлкен септігін тигізеді. Жергілікті хирургтер ота кезінде тәжірибе жинауға мүмкіндік алды», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Соңғы жаңалықтар