Төрт айда 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың 4 айында 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің дерегінше, осы жылдың 4 айында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,4 пайызға ұлғайды.

Барлық өңірде оң өсім тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсімі Абай, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында байқалды.

«Осы жылғы қаңтар-сәуірде 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,9 пайызға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент және Астана қалаларында, сондай-ақ Алматы облысында байқалды», - деді ол.

Әлібек Қуантыров ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,6 пайызға ұлғайғанын айтады.

«Саладағы өндірістің оң өсімі барлық өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары көрсетті. 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай: барлық көрсеткіш бойынша оң өсім 10 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар