Төрт айда 266 млрд теңге инвестиция тартылды – Маңғыстау облысының әкімі

Фото: Фото: ortcom.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың 4 айында Маңғыстау облысының экономикасына 266 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды. Оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту – жалпы экономикалық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Өткен жылы экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 600-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде - 6 жоба өңдеу өнеркәсібі саласында, 5-і әлеуметтік жоба, ауыл шаруашылығында 2 жоба, туризмде 4 жоба. Биыл 4 айда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 266 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға артты», - деді облыс басшысы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті өте зор.

«Біздегі шикізаттық базаның молдығы, экономикалық тұрақтылық, инвестициялық климаттың қолайлылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы инвестиция көлемін бұдан әрі ұлғайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Осы орайда 2026 жылға дейін іске асырылатын 100 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Осы жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы өңір экономикасына 1,9 трлн теңге көлемінде инвестиция тартып, 6000 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Биыл 100 млрд. теңгеге 18 жобаны іске асырып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», - деді Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысының дерегінше, оның ішінде инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны құрылды.

Олар – Жаңаөзен қаласында өндірістерді оқшаулау аясында іске қосылған «Көркем Әлем» ЖШС ет өнімдерін өңдеу және ет дүкендерінің желісін ашу жобасы және «Kaz Fruit Company» ЖШС Ақтау қаласында көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасы.

«Бұл - өңір үшін маңызы бар жобалар», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар