Төрт ағайынды ісі: Ұрланған мұнай өнімі Астанаға жөнелтілген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Төрт ағайынды» ісі бойынша куәгерлер тыңдалды. Бір жыл ішінде Ақтөбеден Астанаға 51 миллион теңгенің мұнай өнімі тасымалданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығына қатысты эпизод қаралды. Куәгерлердің бірі Астанадан арнайы келген. «Ақ барс» ЖШС-нің директоры Қайрат Құлжабаев сотталушы Саясат Дүсіповпен таныс болып шықты. 2015-2016 жылдар аралығында шамамен 800 тонна ошаққа арналған жанармай тасымалданды. Ақтөбеден Астанаға автожол арқылы жеткізілген. Жанармай сертификаты «Лад» ЖШС берілген, ал мұнай өнімі «Сая-8» ЖШС алынды. Соңғысы сотталушы Саясат Дүсіповтың компаниясы болса, «ЛАД» серіктестігінде ол 8 жыл бойы жұмыс істеген. Сот отырысы кезінде бір-бірін көрген куәгер мен сотталушы емен-жарқын амандасып, жеке араздығы жоқ екенін растады.

«Мұнай өнімдерін көтерме-бөлшектеп сату-сатып алу ісімен айналысамын. Бұл жерде сотталушы Саясат Дүсіповты танимын. Ол маған Шучье қаласына келді. Сол кезде мұнай өнімдерін тасымалдауға келісім жүрді. 2015 - 2016 жылдар аралығында 937 мың текше метрден астам өнім жеткізілді. Сертификат бойынша бұл мазут. Мен одан артық құжат сұрағаным жоқ»,- деді куәгер Қайрат Құлжабаев.

Айта кетейік, «Төрт ағайынды» ісі бойынша Қылмыстық кодекстің мұнай ұрлығы бабымен 4 эпизод қаралады. Бүгін «СағызПетролеум» ЖШС-нің Ащыкөл кен орнынан мұнай ұрлау ісі қаралды. Бұл іске Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Рахат Әлиевтің де қатысы бар. Сотталушы Саясат Дүсіпов жауап беру кезіндек полиция қызметкерін танитынын, жақын досы екенін жасырмады. Сот отырысы келесі бейсенбіде жалғасады.

Еске салсақ, «Төрт ағайынды» ісі бойынша бір ай бойы «ТазаДалаКом» ЖШС рейдерлік жолмен тартып алу эпизоды қаралды. Бірер күнде мұнай ұрлығы эпизодының айыпталушылары мен куәгерлерінен жауап алынды. 

Соңғы жаңалықтар