«Төрт ағайынды» ісі: Сотталушылар ұрланған мұнайдың шығынын қайта есептеуді сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде рейдерлікпен айналысты, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады, оны заңсыз тасымалдады деп айыпталып жатқан топ шығынды қайта есептеуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған 26 сотталушыға қатысты сот отырысы жалғасты. Сотта Синельниковский кен орнының шығынын қайта есептеу туралы өтініш түсті. Сотталушылар шикі мұнай ұрланған уақытта оның нарықтағы бағасы қанша болғанын анықтауды жөн көріп отыр. Судья Ахметқали Молдағалиев нақты шығынды анықтау үшін сот-тауарлық сараптама тағайындау туралы ұсынысты қанағаттандырды. Дегенмен жәбірленуші тарап есептеген шығын көлемі іс құжаттарынан шығарылмайды.

«Айыптау қорытындысында 2015 жылдың маусым, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан айлары мен 2016 жылдың ақпаны бар. Сонымен қатар, 2016 жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айы тіркелді. Сол айларда бір тонна шикі мұнайдың бағасы қанша болды? Синельниковксий кен орнындағы шикі мұнай жеңіл, екінші класты. Бұл сараптама кезінде анықталған. Енді біз сол кездегі бағаны білгіміз келеді»,- деді сотталушы С.Сүгірбаевтың қорғаушысы.

Сарапшы Марат Есмағамбетов 2016 жылдың 21-22 қазанында бір тонна мұнай 53 мың 77 теңге деп есептеген. Қорғаушының айтуынша, бұған дейін мұнай ұрлығы бойынша сотталып, бір жыл шартты жаза алған сотталушы С.Сүгірбаевтың ісінде мұнайдың бір тоннасы 36 мың теңге деп есептелген. Екі істегі мұнай бағасын салыстырған қорғаушы 20 мың теңгенің айырмашылығын көрген соң әр айда мұнай бағасы қанша болғанын нақтылауды сұрады.

«Синельниковский кен орнынан 17 рет мұнай тасымалданған. Әр айда мұнай бағасы қанша болғанын білу қажет. Сарапшы шығынды есептеу кезінде «Аман мұнай», «Ада Ойл», «Сағыз Петролеум», «Фэлкон ойл», «NS Ltd» ЖШС-нің және Ақтөбе облыстық статистика департаментінің  цифрларын мысалға алған. Бұл жерге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның баға туралы ақпаратын қосуға болады»,- деді сотталушы С.Сүгірбаевтың қорғаушысы.

Қорғаушылар Ақтөбе облыстық статистика департаментінен мұнай ұрлығы болған уақыттағы қара алтын бағасын сұратқанымен, ешқайсысы жауап ала алмады.

Соңғы жаңалықтар