«Төрт ағайынды» ісі: Мұнай компаниясының басшылығы неліктен арызданғанын түсіндіре алмады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты қылмыстық істің сот отырысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, куәгер Тахталифум Есенқұлов жауап берді. Ол арыз-шағымда көрсетілген шығынның қайдан шыққанын түсіндіре алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев бастаған қылмыстық топқа қатысты іс қаралып жатыр. Бүгін мұнай компанияларының өкілдерінен жауап алынды. Сот отырысы кезінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, куәгер Тахталифум Есенқұлов өзіне қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Абай Сақтағанов келіп, Рахат Аханов туралы айтып бергенін мәлімдеді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары Рахат Аханов компания қызметкерлеріне өз атынан барған адамдардың шаруасын шешуді тапсырған. 

«Абай Сақтағанов өзіне Рахат Ахановтың хабарласқанын айтқан кезде, бұл тексеру деп ойладым. Сондықтан ештеңеге араласпай, жұмыс істеуді тапсырдым. Бұл бірінші және соңғы әңгіме болды. Өзім Рахат Ахановты жеке танымаймын. Жиналыстарда ғана көрдім. Компания Ішкі істер департаментімен тікелей жұмыс істемейді. Бірақ олар улы заттардың сақталуын, мақсатты қолданылуын қадағалап отырады», - деді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, куәгер Тахталифум Есенқұлов.

Мұнай ұрлығы эпизоды кезінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы сотталушы Саясат Дүсіповтен 11,7 миллион теңгеден астам шығын өндіруді талап етіп отыр. Куәгер Тахталифум Есенқұлов бұл талаптың қалай қойылғанын нақты айта алмады. Әрі сотталушы Саясат Дүсіпов шығын өндіруді қылмыстық іс аясында емес, азаматтың іс бойынша қарауды сұрады.

«Құқықтық қызмет департаментіне тапсырма беріп, Саясат Дүсіповтің қорғаушысымен сөйлесуге, келісімге келуге тапсырма бердім. Негізінен мұнай ұрлығын анықтау қиын. Әр ұңғымадан келген мұнай зауытқа түседі. Бізді шамамен 2 мыңға жуық ұңғыма бар»,- деді Тахталифум Есенқұлов. Кейін ол арыз жазбағанын, іспен таныспағанын жеткізді.

Айта кетейік, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы Темір, Байғанин, Мұғалжар ауданындағы төрт кен орнына мұнай-газ шығарады. Өткен жылы 3,9 миллион тонна тауарлы мұнай, 5,9 миллиард текше метр газ, 636 мың тонна сұйытылған газ, 506 тонна күкірт өндірілді. Компания мұнай өнімдерін бөлшектеп сатпайды.

«Мұнай шығатын ауылда өскен балалармыз. Өндірілетін мұнай бағасын есептегенде 10 миллиард доллардан астам ақша шығып тұр. Ал Саясат Дүсіповтен 11 миллион теңге шығынды өндіруге арыз түсті. Шығынның қайдан шыққанын білмейміз. Шығынды кешіруге немесе жетімдер үйіне аударуға болмай ма? Бәріміз қазақтың балалармыз»,- деді сотталушы Мұрат Тұржанов.

Сот отырысы 15 ақпан күні жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар