«Төрт ағайынды» ісі: Ағып жатқан мұнайды сатып, ақша таппақ болған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «төрт ағайынды» ісі қаралып жатыр. Сотталушы Сүлеймен Сүгірбаев мұнайды ақша табу үшін сатқанын мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбеде «төрт ағайынды» ісі бойынша «Ащыкөл», «Қағанай», «Қаратөбе», «Синельниковский» кен орындарынан мұнай ұрлағандардың эпизоды қаралып жатыр. Бүгін Синельниковский кен орнынан мұнай тасыған сотталушылар жауап берді. Сотталушы Мұханбет Шавлетов Жаңажол, Қожасай ауылдарына жақын маңнан иесіз жатқан мұнай цистернасын тауып алып, оны КамАЗ көлігімен тасымалдағанын жасырмады. Өз қызметі үшін 70 мың теңге алған. Барлығы 4 рет мұнай тасып, әрбір рейсте мұнайды цистернадан құйып алуға көмектескен.

«Ол жер иесіз. Себебі, жер ластанған, экологиялық талаптар бұзылған. Ағып жатқан мұнайды құйып алып, пайда таптым. Кен орнынан 200-300 метр қашықтықта мұнайшылар қалашығы болды. Бақылап жүрген күзетшілерді көрмедім»,- деді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген сотталушы Мұханбет Шавлетов.
null 

Ал сотталушы Айбек Тілеуғазиев тағылған айыпты толық мойындады. Ол 2016 жылдың тамыз-қазан айларында Синельниковский кен орнынан мұнай тасыған. Тұрақты жұмысы жоқ сотталушы мұнайды сот алдында жауап беріп отырған Жанат Тектіғұлов, Мұханбет Шавлетовпен бірге ұрлады. Ал КамАЗ жүргізушісі болған Бекжан Құлтаев бірнеше рет мұнай тасымалдауға көмектескен. Ол өз қызметі үшін ай сайын 100-120 мың теңге алып отырды. Сот отырысы кезінде сотталушы Сүлеймен Сүгірбаев өзіне тағылған айыппен толық келіскен жоқ. Айыптау қорытындысына сүйенсек, Синельниковский кен орнынан ұрланған мұнайдың шығыны 38 миллион теңгені құраған.

«Мен мұнайды Руслан Дермұхановпен бірге тасымалдадым. Менің міндетім  Синельниковский кен орнындағы мұнайды тиеп беру болды. Негізі маған кен орнын Жанат Тектіғұлов көрсетті. Ол тым көп ішімдік ішкен соң бірге жұмыс істеп, мұнай тасу мүмкін болмады. Кейін Адайбек Сәрсеновпен танысып, бірге жұмыс істедім. Ол маған литріне 20-25 теңгеден төледі. Барлығы 6 рет мұнай тасымалданды. Бұл бизнес болды. Тегін келіп жатқан соң мұнай мен оның құрамындағы судың мөлшерін санамадық. Біз ағып жатқан мұнайды сатып, ақша тапқымыз келді»,- деді сотталушы Сүлеймен Сүгірбаев.

Айта кетейік, Сүлеймен Сүгірбаев бұрын да мұнай ұрлығымен сотталып, жазасын алған.

 

 

Соңғы жаңалықтар