Торғайлықтардың аманаты Ұлттық құрылтайда Президентке жеткізілді

Фото: None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат –Ұлттық құрылтайдың мүшесі, ақын Светқали Нұржан Ұлытау төрінде Президентке Торғай өңірі халқының аманатын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің бір өтінішін айта кеткім келіп отыр. Ұлтымыздың ұстазы, ұлы көсеміміз Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Торғай елінің азаматтары маған аманат жүктеді. «Сен жеткізші, бұл жалғыз Торғай емес, бүкіл қазақ елінің арман-тілегі ғой. Ахмет бәріміздің төбеміздегі алтын шырағымыз ғой. Анау туған топырағы Сарытүбекті бір қамқорлыққа алып, назарын салса екен. Сол жерге жол тартылса екен, ата қорымы құрметтелсе екен, қыстауының орны ертеңгі тойына дейін бір қалыпқа келсе екен» деп жатыр», - деді ақын.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар