Торғайды мекендеген сақтардың тағамы қандай болған – археологпен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Археолог, ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы Ақан Оңғарұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Торғай даласынан табылған алтын киімді адам, бүгінде көпшілікке белгісіз қазақ халқының ұлттық тағамдары, киім үлгілері және музыкалық шығармалары туралы тың деректермен бөлісті.

- Сұхбаттың әлқиссасын өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жұмысынан бастасақ.

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының негізгі мақсаты –қазақтың археологиялық, бейзаттық мұраларын зерттеу, сақтау, қорғау және насихаттау. Біз5 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Бірінші – әртүрлі кезеңдердегі археологиялық мұраларды зерттеу. Екінші – мәдени бейзаттық мұра. Яғни, этнографиялық мұраларымызды түгендеу. Үшінші бағыт – бұл цифрлық зерттеулер. Аталған сала төңірегінде 3 D, КАРЖ (күй ақпараттық жүйелері) бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу. Төртінші – тарихи топонимика бағыты. Бесінші - ол физикалық антропология және басқа да лабораториялық зерттеулер жүргізу. 5 бағыт бойынша 6 жылда әр түрлі жобаларға қатысып, корей және жапондармен бірлескен халықаралық 2-3 жобаның қосалқы орындаушылары болдық. ҚР Ғылым және білім министрлігінің 6-7 грантын ұтып алып, соның негізінде 40-тан астам кітап шығардық.

- «Халық қазынасы» институты салт-дәстүр, ән-күй, қазақ халқының ұлттық тағамдары және киім үлгілері туралы деректерді жинақтайды. Ал оларды қоғам арасында насихаттау қалай жүргізіліп жатыр?

- Қазақстанға табан тіреген кез келген шетелдіктің негізгі сұрайтыны - бұл ұлттық киім, ұлттық тағам және баспана. Тек кейін ғана мәдени мұраларымыз туралы ақпараттармен танысады.

Біздің этнографтарымыз бұл бағытта далалық зерттеулер жүргізді. Атқарылған жұмыстардың негізінде соңғы 5 жылда 250-ден астам ұлттық тағамның түрлері табылды. Яғни, біз Қазақстанның әр аймағына барып, аталарымыз бен апаларымыздан қазақ халқының беймәлім ұлттық тағам түрлерін сұрастырып, оның әзірленуі мен мән-маңызы туралы деректерді жинақтадық. Енді бұл еңбек тек кетпес үшін оны жандандыру маңызды ғой. Сондықтан табылған тағам түрлерін Нұр-Сұлтан қаласындағы мейрамханаларға ұсындық. Олар оны өз мәзіріне қосуға ниет білдірді.

Ұлттық асханаға қатысты тағы бір тың дерекпен бөлісейін. Біз 2-3 жыл қатарынан Торғайдағы Саба деген сақтың ғұрыптық кешеніне зерттеу жүргіздік. Археологиялық қазба жұмыстары барысында қыш ыдыстардың қабырғасынан қырып алынған қақтарды, топырақ үлгілерін Жапонияға жіберген болатынбыз. Ал таяуда жапондық «Нара» ұлттық ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен онлайн семинар өтті. Сол жиында жапон зерттеушілері осыдан 2 жыл бұрын Қазақстаннан алған түрлі үлгілер бойынша өздерінің қорытындысын баяндады. Олардың мәліметі бойынша, Торғайды мекендеген сақтардың тары және белгісіз теңіздік бір өсімдік дақыл жегені анықталып отыр. Біз қазіргі Торғайды елестетсек, ондай болуы мүмкін емес деп ойлауыңызға болады. Дегенмен осындай тағамның әртүрлілігі болуы сол кезеңнен келе жатқанын тағы бір айғақтайды. Бұл өзіміздің антрополог, академик Оразақ Смағұловтың айтуы бойынша, қазақ жерінде 40 ғасыр бойы автономды түрде бірін-бірі қайталаған, бір-бірімен қатарласып дамыған ұлттың болғанын және ол ұлттың бүгінде қазақ деп аталатынын дәлелдейді.

Ал енді киімге тоқталсақ. Өзім археолог ретінде журналистер арасында «Алтын адам» деп аталып жүретін алтын адамдардың ашылуының куәсі болдым. Яғни, қалай жатқаны, маңайына қандай зат қойылғаны, киімі сияқты дүниелердің барлығына фиксация жасағанмын. Енді сол жердегі киімнің элементтері мен киісін қазіргі қазақтың этнографиялық, дәстүрлі киіміне әкеліп қоятын болсаңыз, 100% бірдей деп айтуға болады.

Қолға алған үлкен зерттеу саламыздың бірі – тарихи топонимика. Елордамызың орналасқан жері - Сарыарқаның төрі. Сондықтан біз зерттеу территориямыз ретінде осы Сарыарқа аумағын алған болатынбыз. Негізгі мақсат - ауылды жерлердің тарихи атауларын ғылыми негіздеп, қайтару.

Омбының, Алматының және тағы да басқа архивтерге барып, қосымша ел ішін аралап, халықтың, қариялардың айтқандарын естіп, оларға талдау жасадық. Осының негізінде Ақмола облысы бойынша 45 тарихи атауды тарихи негіздеп, ұсыныс ретінде ішкі саясат басқармасына берген жайымыз бар. Олар қолдап отыр. Себебі ішкі саясат басқармасы міндетті түрде біз берген ұсыныстарды ауылдарға жібереді. Ал ауыл-аймақ халқы оны талқылап, өз пікірін айтады.

Тағы бір ірі бағытымыз - бұл музыкалық фольклор. Музыкалық фольклор бойынша соңғы 5 жылда жартылай Түркістан, Алматы облыстары, толығымен Қарағанды облысы бойынша жұмыстар атқардық. Жұртты аралап, ел ішінен музыкалық фольклор шығармаларын жинадық.

Ал оны сақтау үшін өзіміздің интитуттың ішінен «Рухани мұра» деген қор ашып, сол жерге топтастырып жатқан жайымыз бар. Түптің түбінде жинақталған еңбектер бірігіп, үлкен сандық орталыққа енгізілуі керек. Дегенмен қазіргі таңда ол мүмкін емес. Өйткені біздің әлеуетіміз оған жеткен жоқ. Сондықтан осындай қор құрып, қолда бар материалдарды сонда сақтап отырмыз. Қазіргі таңда «Рухани мұра» қорында 500-ден астам музыкалық фольклор бойынша шығармалар бар.

- Ақан Оңғарұлы, өзіңіз атап өткен Саба өзені бойына жасаған экспедицияға тоқталсақ. Бұл сіздердің соңғы жасаған экспедицияларыңыз. Аталған жерден қандай жәдігерлер табылды және ол мекенге толық зерттеу жүргізілді ме?

- Ақтаңдақ болып жатқан өлке бұл Торғай болатын. 2016 жылы осы өңірге зерттеу жұмыстарын жасауды қолға алдық. 4 жылдық жұмыс нәтижесінде Торғайды мекендеген сақтар туралы көп мәлімет жинадық. Торғай - сақтар мен сарматтардың тоғысқан жері. Сармат әлемі - негізі жеке әлем. Олардың дүниетанымы басқа, жауынгер халық. Сол сияқты сақтардың да дүниетанымы бөлек.

Біз экспедиция ұйымдастырған мекен - Қараторғай өзенінің бойы, Жаңақала ауылының маңайында орналасқан – Саба қорымы. Ол жерден былтыр журналистердің тілімен айтқанда кезекті «Алтын адам» табылды. Бүгінде лабораториялық жұмыстар жасалып жатыр. Қазірдің өзінде киімге тігілген 14 мың алтын биссер табылды. Қосымша 20-дан астам қаңалтыр болып есептелетін басқада әшекей бұйымдар бар. Тағы бір жерлеу орынынан 149 жебенің ұшы шықты. Мұндай сақтың жерлеу орынынан шықпайды. Ол тек сарматтарға тән. Яғни, бұл сақтар мен сарматтардың арасында байланыс болғанын, тіпті керек болса, әскери шабуылдардың ұйымдастырылып тұрғанын дәлелдейді. Ғылым үшін 4-5 жыл деген қысқа мерзім. Десек те алғашқы нәтижелерін берді. Жұмыстар жалғасатын болады.

Таяуда тағы бір жоба ұтып алдық. Оған сәйкес, біз Солтүстік Арал мен Ұлытаудың арасындағы байланысты зерттегіміз келеді. Кезінде осы Солтүстік Арал мен Ұлытаудың арасындағы мәдени және басқа да байланыстар болғаны туралы деректер бар. Мысалы қазір таңғалуымыз мүмкін, бірақ сол заманда байланыс болды.

Яғни, мұның барлығы соңғы 30 жылдағы шынайы ұлттық тарихты жазу жолындағы бастамалардың бірі деп есептесек болады. Бұл ақтаңдақтар бір-бірін толықтырды. Бүгінгі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуы бойынша, ұлттық тарих жазылғалы жатыр ғой. Оған толық негіз бар деп есептейміз. Себебі 30 жылда «Мәдени мұра» және тағы да басқа бағдарламалар арқылы көптеген шетелдік архивтерден деректер әкелдік. Отандық зерттеулер бойынша көптеген ақиқаттар ашылды. Осының барлығын біріктіріп, өзімізге сәйкестендіріп емес, шынайы тарих жазатын уақыт келді.

- Сіз негізінен ерте темір дәуірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеумен айналысасыз. Осы бағытта зерттеуді талап етіп тұрған қандай өңірлер бар?

- Ерте темір дәуірі бойынша өзімді ірі маманмын деп айта алмаймын. Алдымызда жол көрсететін аға буын ағаларымыз бар. Дегенмен өзіміздің көзқарас, 20 жылдық тәжірибе бойынша әлі де зерттелмеген өңірдің бірі Торғай даласы деп ойлаймын. Сонымен қатар Торғай мен Мұғалжардың арасы тағы жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстанның солтүстігі зерттелмеген.

Біздің мақсатымыз неғұрлым сол қоғам туралы көбірек ақпарат алу. Яғни ол топырақтан, керамикадан және басқа да көп заттардан алынады. Осыларды біз лабораториялық түрде өңдеп жібереміз. Бір өкініштісі қазіргі таңда лабораториялық талдамалы жұмыстардың көбін біз шетелде жасауға мәжбүрміз. Оған біздің елімізде соңғы үлгідегі технологиялардың болмауы себеп.

- Ал шетелдік зерттеушілер Қазақстан тарихын зерттеуге қызығушылық білдіре ме? Әсіресе қай елдер?

- Қазақстан Еуразияның кіндігінде орналасқан. Қандай процесті зерттесе де бізден айналып өтіп кете алмайды. Мәселен, Қытай, Моңғолия, Корея немесе өзіміздің оңтүстіктегі көршілерміз зерттеу жүргізетін болса, Қазақстансыз болмайды. Осыған дейін Еуразияны мекендеген халықтар шикізатты Қазақстаннан алған немесе Қазақстан арқылы өткен мәдениетке қатысы болады.

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты бірнеше шетелдік зерттеу орталықтарымен серіктестікте жұмыс істейді. Атап айтсақ, Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында орналасқан «Ұлттық мәдени мұра» институтымен тікелей қызмет атқарады.

Соңғы екі жылда Жапонияның Нара қаласында орналасқан «Ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу» институтымен жұмыс істеп жатырмыз. Біз олармен бірлесіп, тікелей пәнаралық зерттеу әдісі бойынша зерттеулер жүргіземіз. Сондай-ақ Қазақстанда кейін қалып жатқан керамикалық зерттеулер және реставрациялық жұмыстарды жетілдірудеміз.

Ақан Оңғарұлы, орамды ой, пайымды пікіріңізге рахмет! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғысымызды білдіреміз.


Соңғы жаңалықтар