Торғайдағы Шақшақ Жәнібек музейі басқа жаққа көшірілуі мүмкін

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Шақшақ Жәнібек музейі Торғайдан Қостанайға көшірілуі мүмкін. Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде осы тақырып талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақсанның ұзақмерзімді мәдени саясатының тұжырымдамасында қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамыту мақсаты жазылған. Аты аталған тұжырымдаманы іске асыру аясында Ә.Жангелдин музейлер кешенін жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта ауданда төрт дербес музей бар. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзінше, биыл А.Байтұрсынов және М. Дулатов музейінде жылу жүйесі қалпына келтірілді.

«2015 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша облыс аумағындағы археологиялық ескерткіштерді зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі жыл ішінде 418 археологиялық нысан зерттеліп, жүйеленді. Тізімдегі 122 ескерткіш Ә.Жангелдин ауданында орналасқан. Бүгінде Торғайдағы Шақшақ Жәнібек музейі мен Арқалық қаласында Дала өлкесі тарихы музейіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалар әзірленген. Осы нысандар бойынша өтінімдер бюджеттік комиссияның қарауында жатыр», - деді Ерлан Қалмақов.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, ауыл ақсақалдары Торғайдағы Шақшақ Жәнібек музейін облыс орталығына көшіру туралы бастама көтерді.

«Расын айту керек, музей көшіру оңай жұмыс емес. Ол қаншалықты тиімді, соны ескерген жөн. Мәдениет басқармасы басшылығына бір айдың ішінде осы жөнінде ұсыныс енгізуге тапсырма беремін. Жәдігерлерді Қостанай қаласына ма, бәлкім Затобол кенті немесе маңайдағы аудандарға көшіру керек пе, осыны қарап шығыңыздар. Алдымен мұражай жасақтайтын бос ғимарат іздеу керек. Қазіргі Шақшақ Жәнібек ескерткіші маңында болса, өтетін шараларға тиімді. Бұл науқанға жұмсалатын шығын есептелсін. Кейін музейді көшіру-көшірмеу туралы шешім шығады», - деді А.Мұхамбетов.

Бүгінгі таңда Қостанай облысының аумағында 725 тарих және мәдени ескерткіш бар, оның 5-і республикалық (Ы. Алтынсарин ескерткіші, Екідің I және Екідің II ғұрыптық құрылыстары) және 720-сы жергілікті маңызға ие.

Қазіргі уақытта жаңадан анықталған археологиялық ескерткіштерді жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Фото: liter.kz

Соңғы жаңалықтар