Торғай, Ертіс, Арал аумағында мұнай қорын барлау жұмыстары жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев Капсиден алыс аумақтардан мұнай орындарын барлау жұмыстары қолға алынатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні елде өндірілетін мұнай мен газдың барлық көлемі 5 бассейнде игеріледі. Олардың ішінде Каспий маңының үлесі орасан. Барлық рерсурстық базаның шамамен 80%-ы Каспий маңына тиесілі. Солтүстік Торғай, Ертіс өңірі, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу бассейндерінің де әлеуеті зор деп есептеледі. Бірақ бұл бассейндер аз зерттелген. Олардың нақты әлеуетін зерделеу үшін инвесторларды тартып, мемлекеттік қолдау көрсету қажет», - деді Серікқали Брекешев орталық коммникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуына қарағанда, аталған кеніштерді зерттеуге қызығушылық танытушылардың алғашқы легімен келіссөздер басталып кеткен.

«Осыған байланысты, ынтымақтастық туралы 2 меморандум жасалды. Біздің министрлік, «Қазгеология» және «ҚазМұнайГаз» АҚ ел аумағының геологиялық зерттелуін арттыру және аз зерттелген шөгінді бассейндерді игеру саласында меморандум жасасты. «Аджип Каспиан Си Б.В» компаниясымен де осындай үшжақты меморандум бекітілді», - деді ведомство өкілі.

Сондай-ақ, ол шетелдік инвесторларға нақты регламенттелген тәртіппен әлеуетті кен орындарын барлауға рұқсат беру мәселесі пысықталғанын атады.

«Осылайша, инвестор жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізе алатындай айрықша құқық алады. Бұл тәсіл инвестициялардың неғұрлым жоғары құқықтық қорғалуын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жер қойнауын мемлекеттік зерттеуді және жеке инвестицияларды бюджеттік қаржыландыруды ұлғайту қажет, бұл пайдалы қазбалардың кен орындарын іздестірудің перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар