Төрешілер шешімі қайта қаралды: Жүсіпов Әлем чемпионатын жалғастырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында қазақстандық Абылайхан Жүсіповпен айқасқан италиялық Винченцо Манджакапрені жеңімпаз деп таныған төрешілердің шешімі қайта қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салсақ, бүгін 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов пен италиялық Винченцо Манджакапренің жекпе-жегі өтті. Үшінші раундта отандасымыздың жарақат алуына байланысты төреші жекпе-жекті тоқтатып, оны ары қарай жалғастыруға жол бермеді. Осылайша жеңіс италиялықтың қанжығасына байланды.

Кейіннен қазақстандық тарап төрешілер шешімінің қайта қаралуына қол жеткізді. Себебі боксшылардың айқасы тоқтатылған уақытта есеп айырмасы бойынша Жүсіпов алда келе жатқан еді. Спортшымызға қосымша медициналық тексеру қажет болды. Тексеру нәтижесі Жүсіповтың қабағына алған жарақаты болмашы болғанын және жекпе-жекті тоқтатудың қажеті болмағанын көрсетті. Осылайша, жеңіс Жүсіповке берілді.

Еске салсақ, бұған дейін ширек финалға 4 спортшымыз - Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Жомарт Ержан (49 келі), Қайрат Ералиев (56 келі) пен  Василий Левит (91 келіге дейін) өткен болатын. 29 тамызда Жомарт ресейлік Василий Егоровпен, Қайрат неміс Омар Эль-Хагпен, Әбілхан кубалық Арлен Лопеспен, Василий австралиялық Джейсон Уотелимен қолғап түйістіреді.

Үш спортшымыз - Азамат Исақұлов (52 келі) пен Әділет Құрметов (60 келі) пен Бекдәулет Ибрагимов  (64 келіге дейін) турнирдегі жарысын аяқтады.

25 тамызда басталған бокстан Әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді.

 

Соңғы жаңалықтар