Төрегелді Шарманов: Даламызда қазір 2 миллиондай ғана жылқы қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. «Ұлы даланың жеті қыры» осылай басталады. Жалпы жеті саны киелі сан екені санамызға сіңіп қалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл еңбегі киелі жеті санымен байланыстыруында үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Осы қасиетті жеті санның жеті кереметінінің бірі – қазіргі жаһандық экономиканың алғышартарын да айқындайды.

Осы орайда бүгінгі сұхбатымыз Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Төрегелді Шарманов пен Журналистика Академиясының академигі Махат Садықтың арасында өрбіген еді.

Махат Садық: Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», делінген.

Біз Номад ұрпағы екенімізді мақтаныш етуіміз керек. Осыншама ұланғайыр жерді сақтап қалу номадтардың ғана қолынан келді. Жер көлемі жағынан әлем елдері арасында тоғызыншы орындамыз. Жерасты қазбе байлықтары жағынан алдыңғы қатардамыз. Мәңгілік еліміздің – мәңгілікке жетер қоры бар.

Көпті көргеннен сұра дейді. Төрегелді аға, Сіз көп көріп қана қойған жоқсыз. Ұлт үшін өте көп игілікті іс атқардыңыз. Қазір Номадтың серігі мен тірегі жылқы мәселесін көтеріп жүрсіз...

Төрегелді Шарманов: Ел мүддесі, ұлт болашағы үшін ешқашан тартынбадық.

Бір заманда әлемді ат үстінде жүріп-ақ билеген Франция империясындай бес мемлекет сыйып кететін даламызда қазір бар болғаны екі миллиондай ғана жылқы жүр. Бұл өте аз. Түкке тұрмайды. Меніңше, біздің сар даламызға он миллион бер жағы, елу миллион, тіптен жүз миллион жылқы өсірсек артық етпейді. Мұнай мен газ ертең таусылады. Жылқының пайдасы ұшан–теңіз. Жылқы - қасиетті жануар. Құдіретті күш, ғаламат аура иесі. Жеріміздің кеңдігі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрмыз деп мақтанамыз дедіңіз, Махат бауырым. Сол мақтанышқа біле білсеңіз бізді жеткізген жылқы. Осы жерді атадан балаға сақтап жеткізген де жылқының күші мен құдіреті. Мәңгілік ел мұратын жариялаған Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың сарабдал саясатын жанына жалау еткен бүгінгі жас буын «Күндіз отыр­мадым, түн ұйықтамадым, қара терімді төктім, қызыл қа­ны­мды ағыздым, Түрк ұрпағы үшін» деген ұранды жатқа ай­тады. Сол ұранды тасқа қашап қалдырған дана Тоныкөк Ұлы даланың ұр­пағына жігер беретін тастай тал­мас қайратты салт атпен жүріп қалдырған. Жанына қуат берген жалғыз сенімді жолаушысы жылқы болған.

Елу жыл бұрын Алматыны дүниежүзілік дәрігерлер конференциясы арқылы әлемге таныттым. Ол ақиқат, ешкім оған дау айта алмайды. Ендігі арманым Жылқы құдіретімен Қазақ елінің экономикасын әлемдік деңгейге шығаруға жол ашсам деймін. Тоқсанға қараған жасым бар. Бар жігерімді соған жұмсап жатырмын. Жылқының қымызы мен саумалын ғана пайдаланып жүрміз. Етін жейміз. Кезінде арақ жасағандар болды. Ол дұрыс емес.

Жылқыны жүз миллионға жеткізуіміз лазым. Менің ғылыми институтым жылқыдан қырыққа тарта түрлі өнімін шығаруды жолға қойды. Соны жалпықазақстандық экономиканың іргетасы жасасақ ұтылмаймыз. Тәтті тағамдар дайындайтын әлемдік магнат монополист компаниялар сиыр сүтінің өнімдерін пайдаланып, миллиардтаған табыс тауып жүр. Сиыр сүті мен бие сүтінің айырмашылығы жер мен көктей. Ғалымдар бие сүтінің пайдасы ерекше екенін сан мәрте тәжірибе жасап дәлелдеп шықты. Сол орасан байлықтың үстінде біз отырмыз. Керемет тиімді кез. Адамзат баласы табиғи таза тағамға тапшы. Үлкен экономикалық төңкеріс жасауымызға болады. Бүкіл әлем жұртына қажетті тәтті тағамды қазақ жерінде дайындап ұсынайық. Қолымыздан келеді. Тек ерік пен жігер және сенім керек. Билік қолдап, қалталы азаматтарымыз осы идеяны жүзеге асыруға бір кісдей қолдау көрсетулері міндет.

Махат Садық: Төрегелді аға, өзіңіз айтқандай, бүгінгі ұрпақ жарау атқа мініп, мұз­дай сауыт киіп, жалаулы найза көтерген бабалар ру­хы­нан мәңгілік қуат алады. Бұл – тәуелсіздік жемісі. Егемендік жолында тәуелсіз сананы, рух бо­с­­тан­дығын отаршылық жүйеге қарамастан көрсете алған сіздей алдыңғы буын өкілдерінің еңбегі екені даусыз. Тоталитарлық компартияның тұсында өмірге келдік. Оқыдық. Көргенімізден естігеніміз көп.

Дәуір мен заман ауысса да, сан қилы қоғамдық жүйелер алмасса да, өзен-өмірдің әр пендесіне бұйырар несібесі болады. Сіз Совет кезеңінде де, қазір де халық құрметіндесіз. Билік те санасады. Отыз жасынызда орда бұзып, Алматыда жақсы лауазымға тағайындалдыңыз. Ректор болдыңыз. Қырыққа жетпей қамал алып, он бір жыл министр қызметін атқардыңыз. Бұл уақыт қазақстандық ұлттық медицинаны жа­ңа белеске көтеріп, тұтас бір халықтың интеллектуалдық өре­сін өрісті көкжиекке жеткізбесе де, бедерлі белеске бастайтындай мерзім. Өткенге көз шолып, арқада қалған өткен жылдар жемісі мен есіл еңбек текке кеткен жоқ дей аласыз ба?

Төрегелді Шарманов: Мен медициналық жоғары оқу орындарында қазақтардың үлесін өсірген бірінші ректормын дей аламын. Ақтөбе медициналық институтына 1968 жылы ректор болып барғанда, институттағы қазақ студенттерінің үлесі 37 пайыз екен. Қайран қалдым. Шалғайдағы елді мекенге, қырдағы қазақты емдеуге тек ұлты қазақ дәрігер ғана барады. Ректор болған бірінші жылымда Ақтөбедегі медицина институтындағы қазақ студентерінің санын сол 37 проценттен 63 процентке күрт өсірдім. Жалтақтамадым, қорықпадым. Менің тәжірибемді көрген басқа ректорлар да ептеп қозғала бастады. Оларға қазақ студенттерінің санын көбейтіңдер деп ашық айттым. Намыстарына тиер сөз айттым. Мәжбүрледім. Өзім де Ұлытауға білім алып барған алғашқы дәрігер болдым. Әйелім екеуіміз хирург те, терапвет те, педиатор да, акушер де болдық. Бәрін көзбен көргенмін. Жоғары оқу орнында қазақ студентерінің санын өсіруді осылайша қорықпай жүзеге асырдым. Совет заманында он екі жылдай Денсаулық сақтау министрі болдым. Рас, туған жерім Ұлытауда мақтанып айтатындай зәулім емхана салғыза алмадым. Компарития қатты қадағалайтын. Жершілдік пен ұлтшылдық деп санайтын ондай қадамды. Басты мақсатым жергілікті қазақ ұлтының мамандарын даярлауды міндет еттім. Медицина саласында қазақтар көбейген сайын мәселе біртіндеп шешілеріне күмәнім болған жоқ. Сол саясатты батыл жүргіздім. Министр кезімде осы үрдісті өзіме қарайтын барлық медициналық оқу орындарына енгіздім. Менің бұл қадамымнан, қазаққа қажеттілік қағиданы көрген басқа ректорлар да өз қарауындағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарында қазақ жастарына көбірек орын берді.

Махат Садық: 1986 жылы Қазақстан Компартиясының XVI съезі болды. Қонаевтың соңғы өткізген жиыны, Желтоқсан көтерілісінің қарсаңы. Сол съезде республикамыздың Бас идеологы Зақаш Камалиденов қазақ халқының бойынан ұлтшылдықтың белгісін іздеп, өзінің атақты, атышулы теориясы – ұлттарды, халықтарды процентке бөлу қағидасын бүкіл елге жария етті. Дәлірек айтсам, Сіз жаңа ғана айтқан ізгі ниетті ісінізге қарама-қайшы теория. Республиканың жоғары оку орындарында қазақ жастары жетпіс проценттен асып кетті деп ректорларды айыптады. Біз сол жылдары студент едік. Маркстік–лениндік теорияларды жаттап жүрген кезіміз. Бірінші басшымыздың идеология жөніндегі орынбасарының съездегі баяндамасында Лениннен келтірілген цитаталардың орынсыз қолданылғанын, ұсақ буржуазиялық ұлтшылдық саясатын әшкерлеген пікірлерінің қазақ мәселесіне ешбір катысы жоғын білдік. Сол қилы кезде бас идеологтың даңғаза ұра­нына ермей, қарсы шыққан, тегеурінді мінез көрсеткен, зиялы ел ағалары, қарағайдай қасқайған абыздарымыз болды. Орталык Комитеттің хатшысына қателігін жіпке тізгендей бадырайтып ашық айтты. Бірақ қызмет үшін, жеке бас қамы үшін сойқан науқанға бел шеше ат салысқан белгілі ағаларымыз да аз болмады. Қалай ойлайсыз, мәселенің түп–төркіні неде? Жауапты қызметке лайықты адамды тағайындауда басты принцип басшыға адалдық па, әлде ұлтқа адалдық па? Бұл бүгінге де, ертеңге де қатысты деп ойлаймын.

Төрегелді Шарманов: Елге жақсылық жасау - лауазым иесінің парызы. Сол атақты съезден бір жыл бұрын министр қызметінен босап, Мәскеуге жер аударылып кеткенмін. Махат, айтқаныңды мен де Мәскеуде жүріп естідім. Жасы зейнеткерлікке толмаса да абыз, ел ақсақалы атанған адам – Отанының тірегі. Сондай дәрежеде болу біздің қоғамда сирек кездесетін жайт. ЦК хатшысы Камалиденовтің жапқан жаласына қарсы шыққан Салық Зиманұлы болатын. Ол кісі Ұлттың ар-ұяты деген үлкен дәрежені арқалап өтті, алғыспен кетті. Осындай ұлы тұлғаларымызды ұлықтай білуіміз керек. Олар біздің өшпес құндылықтарымыз… Қызмет әр адамға бұйырады. Сол лауазымды жеке басқа емес, ұлтқа жақсылық жасауға арнау міндет. Мен солай жасадым. Содан да ешкімнен именбеймін. Өткен күнімнен қателік тауып ала ма деп қуыстанбаймын. Алла алдында да, пенде алдында да адалмын.

Жан иесінің жүрегі туғаннан сұлулықты іздеп шарқ ұрады. Меніңше Алматыдай сұлу шаһар әлемде жоқ. Еуропаның ең сүйкімді, керемет таулы қалалары Женева, Париж бәрін араладым. Жаһанның жеті кереметін жаяу шарладым. Бірақ Алматыдай әсем қаланы, Алатаудай ғажап тауды кездестірмедім. Ол менің жастық шағым, есейген, ел басқарған кездегі Алматым.

Өкініштісі сол Алматыны жоғалтып аламыз ба деп қорқамын. Ару қаланың экологиялық жағдайы нашарлап барады. Саналы ғұмырым Алматыға деген ғаламат ғашықтық сезімге толы. Жас кезімде менің Алматымдай сұлу қала жер бетінде болуы мүмкін емес деп ойлайтынмын. Расында да, дөңгелеген дүниені сан мәрте шарлап шыққанда соған көзім анық жетті. Алматының аты алғаш рет әлемге танылуына тікелей еңбегім бар. Денсаулық сақтау министрі кезімде Совет Одағында денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясы өтетін болды. Мәскеу оны Ташкентте өткізуге шешім шығарды. Сонда елдің бірінші басшысы Қонаевқа барып базынамды айттым. «Сіздің СССР бойынша беделіңіз Өзбекстанның бірінші хатшысы Рашидовтан жоғары. Сіз Политбюро мүшесі болсаңыз, Рашидов Политбюроға кандидат. Әлем дәрігерлерінің съезін Алматыда өткізуге қолғабыс жасаңыз. Бұл жиынға тек дәрігерлер ғана емес, мемлекет басшылары да келеді. Бір күнде Алматымызды әлем танитын болады», дедім.

«Төрегелді, жақсы айттың. Жақсылап тұрып ойларыңды қағазға түсіріп әкел»,- деді Димаш Ахметұлы.

Қағазымды дайындап апарғам. Бірден қолына ұстаттым. Қонаев Брежневке айтып, Мәскеу қабылдап қойған бұйрықты бұздырып, съезді Тәшкеннен тартып алып, Алматыда өткіздік. Съезге дүниежүзінен жүздеген журналист жиналды. 1978 жылы Алматы конференциясында қабылданған Декларация алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем ұстанымдарын жария етіп, ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының Ұлы Хартиясы атанды. Конференцияда әлемде алғаш рет адамзат денсаулығын сақтау құқықтық сипат алып, медициналық көмектің жалпы халыққа қолжетімділігі, ұстанымдары құжат түрінде бекітілді. Конференциядан кейін әлем елдерінің көпшілігі денсаулық сақтау саласын Алматы Декларациясына сәйкес үлгіде құрып, дамытуына байланысты дүниежүзінде медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсаруына елеулі үлес қосылды. Алматы «медицина Меккесі» аталды. Жиынға жиылған жұрт аузындағы осы сөзді журналисттер дәл осылай өз басылымдарында жариялады.

Бірнеше елдің президенттері мен үкімет басшылары келді. Кеннеди бастаған аузы дуалы әйгілі саясаткерлер бас қосты. Алматы әу баста осылайша әлемге денсаулықты қорғайтын, адамдардың тұрмысына қолайлы, өмір сүрулеріне лайықты жер бетіндегі экологиялық ең таза қала болып танылды. Әлемнің 146 елінің өкілдеріне денсаулық сақтау саласының құрылымы көрнекі түрде көрсетілді.

Сол Алматымыздан айрылып қалмасақ деймін. Ұйықтасам да, тұрсам да көкейімдегі ең өзекті сауал осы.

Әлемді билеген АҚШ–тың алпауыт байлары мен миллиондаған ауқатты тұрғындары жүз жасқа дейін жүгіріп жүріп, дәмі таусыларда ақ мамық төсегімде жатып жаратқанға жан тапсырсам деп армандайды екен. Оны ғұмыр сүрудің ең жоғары сатысы – бесінші таза аймақ дейді. Ондай жерлер бар. Ол Калифорния, Сардиния мен Окинава. Әлемдегі аса бай ауқатты адамдар қартайған шағын сол жерлерде өткізеді. Жердің бетіндегі пейіш. Қазақ жерінде де ондай табиғи таза аймақтар бар. Бурабай, сүйікті Алматымның маңы, Шығыс Қазақстан облысындағы ғажайып табиғи орындар. Соны көрсетуіміз, әлемге танытумыз керек. Таза, табиғи әрі адам ағзасына пайдалы тағамдарымызды насихаттауымыз керек. Мықтылығымызбен әлемді мойындатуымыз керек. Ел ертеңінің ережесі осы. Осыны көзіммен көріп, американдық әріптестерім секілді о дүниеге армансыз аттансам деймін.

Махат Садық: Қазақтың тарихы – халқымыздың данагөйлерінің сөзімен, ұлағатымен бізге жетті. Ежелден әулет билігі ауыл ақсақалдарында болған. Олар әділдіктің символындай еді. Бүгінгі үлкендер өз баласына, жақын–жұрағатына шамасы жетсе билік тізгінін алып беруге құмар. Елге қызмет емес, топқа қызмет қылуға үйретеді. Олардың мемқызметте жүріп қырықтың қырқасына жетпей жігері жасып, шал болып қара бастарын күйттеп кететіндері сондықтан да шығар. Жағымпазданып, жарамсақтанып мәнді ғұмырын аяқ астында, біреулердің көңілін аулап жырбыңдап өткізеді. Кейін басқаларға үлкендерден көрген сол жаман ғадетін қаз–қалпында қайталайды. Ұшар басқа жиналған құзғын қарғаларша теріс пиғылдарымен елдің ертеңіне күмән туғызады. Осындайлардың тамырын тарқатқызбай қалай құртуға болады? Сондайлар нақты кезеңде шынайы ел қошеметіне лайық болса, ертең де елдің назарынан боларын неге бағаламайды. Халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп, абыройлы болу - ең биік дәрежесіне жеткен абыз ақсақалымыз осыған не дер екен дейміз, Төрегелді аға.

Төрегелді Шарманов: Әлем жаңалықтарын ағылшын тілді ақпараттан аламын. Ағылшын тілінде оқи беремін. Кейінгі жастар да сондай болса деймін. Менің балам АҚШ профессоры. Немерелерім әйгілі шетел колледждерінің оқу озаты. Қазақша сайрағанда өзімді шатастырады. Шет тілін біл, ана тіліңіді ұмытпа. Өркениеттілік қағидасы осы. Жаһандану заманында бір елден екінші бір елдің үлгі алуы заңдылық. Әрине, мәдениеті мен рухани байлығы дамыған өркениетті елдерден көп нәрсе үйренуіміз керек. Америка мен Жапония озған елдердің көш алдында. Әлем бойынша жоғары технологиялық ғылыми жетістіктермен жасалатын бұйымдардың 45 пайызы осы Американың еншісінде. Бұл ретте Жапонияның көрсеткіші 20 пайыз. Жер асты қазынамыз керемет дейміз. Соны игеру үшін Американың тоқсан пайыз технологиясын пайдаланамыз. Демек тапқанымыздың денін технология үшін соларға төлеуге мәжбүрміз. Сонымен қатар, жаһандық табыс көзі жаңалықтың қай тілде таралуына да тікелей байланысты. Қазақ тілінде ақпарат тарату арқылы бүкіләлемдік жетістікке жете алмаймыз. Орыстың тілі де Ресей территориясынан шыққан соң ешкімге қажеті жоқ. Ғалам тілі – ағылшын тілі. Қазір дүниежүзінде болып жатқан жаңалықтардың 92 пайызы ағылшын тілінде жарық көреді. Ағылшын тіліндегі басылатын ақпараттар да, ғылыми жаңалықтар да әлемге тез таралады. Жастарымыздың ағылшын тіліне ден қоюын жақсы нышан деп білемін. Мен өзі мақтануды жек көремін. Шамам келгенше, жанымдағы жастарға көмектесуге тырысамын. Көмегімді көріп, ағалық ақылымды тыңдаған жастардың маған деген ілтипатынан да кенде емеспін. Олардың арасында министр, әкімдер де, ғалымдар мен кәсіпкерлер, тіптен қарапайым азаматтар да бар. Әркімнің бұл өмірден өз іздегені бар. Соны тапқанына қанағат етеді. Бұл жақсы ниет. Адал өмір формуласы. Жалпы, адал адам жамандықтардың жолына кедергі болады. Адал болу бұрын да қиын болған, қазір тіптен қиын. Қазіргі замандағы тосын жайттарды көріп – естігенде жастар осы індеттен аман болса деп тілеймін. Жастарымыздың жүрегі таза, қолдары қиянатқа бармаса, болашақ та сенімді, ертеңіміздің жарқын боларына кепілдік сол.

Соңғы жаңалықтар