Төрегелді Шарманов: Дәл қазіргі жағдайда қымыз бен жылқы етіне жетер еш тағам жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов «Antikor Live» жобасына келіп, өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша қазіргі індет өршіген жағдайда әр адам үйдегі жас үлкен кісілердің жайын ойлауы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл індеттің басты қаупі – үлкен жастағы адамдарды алып кетуі. Сондықтан жастар ең алдымен қауіп-қатерден өздерін сақтап қана қоймай, үлкен кісілерді ойлауы керек. Жастар қазір өз үйіне, отбасына бір ұжым деп қарап, айналасын қорғауы тиіс», - дейді Төрегелді Шарманов.

Қазақ тағамтану академиясының президенті дәл қазіргі уақытта адам денсаулығына қандай тағамдар пайдалы екенін айтып берді.

«Қазір қою немесе қуырылған тамақты жеудің орнына сұйық тамақты көп ішу керек. Су болсын, қымыз болсын, сорпа-су болсын сұйық ішу керек. Қымыз бен айранның пайдасы зор. Осы күні жылқының қазақ үшін қадірі артты. Себебі адамның ағзасына жылқы еті өте жақсы әсер етеді. Әрине дәл қазіргі күні қымыз бен жылқы етіне жетер еш тағам жоқ. Бірақ оған жұрттың бәрінің қолы жете бермеуі мүмкін. Қазақ жалпы «қойдың еті қорғасын» деп текке айтпайды. Кешкі асқа қойдың етін жесеңіз, ол ертеңгі күн батқанша сіңеді. Ұзақ. «Сиырдың еті таң сарайы батқанша, жылқының төсек салып жатқанша» дейді қазақ. Яғни жылқы еті бойға тез сіңеді. Сондықтан жылқы етінің қасиеті ерекше екенін көрсетеді. Ол ғылыми жолмен дәлелденген. Мен онымен көп айналыстым. Оны жай деректен алып отырған жоқпын. Өзім зерттеп, көзім жеткен. Толыққанды жауапкершілікпен айта аламын», - деді ол.

Төрегелді Шармановтың сөзінше бұл ауруға бірінші төтеп беретін фактор – тағам.

«Сенің өмір сүруіңнің сапасы – ішкен асыңмен өлшенеді. Біз әдетте балалардың амандығын, тоқтығын бірінші орынға қоямыз. Ал қазіргі жағдайда үйдегі кәрілердің қамын бірінші ойлау керек. Себебі балалардың бойында ауруға төтеп берер иммунитет жоғары. Ал үлкен кісілерді бұл індеттен сақтау керек. Моральдық тұрғыда алғанда да үлкен кісілердің амандығын бірінші ойлау керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар