Төреғали Төрәлі ұшақ оқиғасынан тек айыппұлмен құтылатын болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал әнші Төреғали Төреәлінің үстінен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

11 қазанда департаментке қарасты Алматы әуежайындағы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 392-бабының 1-тармағы бойынша, яғни «Алматы» бақылау өткізу пункті арқылы ҚР Мемлекеттiк шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғаған.

«Қылмыстық істі тексеру барысында Т.Т. Әлихановтың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болмағандығы анықталды», - делінген хабарламада.

16 қазанда Т.Т.Әлихановқа қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің екі бабы, яғни, ҚР ӘҚБтК-нің 513-бабының 1-тармағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пунктерінде режімдi бұзу» бойынша және ҚР ӘҚБтК-нің 564-бабының 4-тармағы «Әуежайлардың аумағы бойынша тиісті рұқсатсыз жүріп өту немесе көлікпен өту» бойынша әкімшілік іс қозғалған.

«Дәл сол күні полиция бөлімінде құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пунктерінде режімдi бұзғаны үшін 5АЕК көлемінде және әуежайлар территориясы бойынша тиісті рұқсатсыз өткені үшін 1АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Әкімшілік айыппұл 7 күн ішінде төленуі тиіс, төленбеген жағдайда қолданыстағы заң бойынша бұдан да қатаң жаза қолданылатыны мәлім етілген.
Еске сала кетсек, Алматы-Гонконг бағытындағы рейсте төтенше оқиға орын алған. Билеті жоқ ер адам ұшақ бортына өтіп кеткен. Кейін ол адамның өзінің отбасын шығарып салмақ болған әнші Төреғали Төреәлі екені анықталды.
Әнші  ұшаққа билетсіз өтуіне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Айта кетерлігі, билетсіз адамды әуежайдың ұшу аймағына рұқсатсыз жібергені үшін әуежайдың 4 қызметкеріне айыппұл салынды. 

 

Соңғы жаңалықтар