Топ-30 экономикасына кіру үшін жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсімі қажет- Руслан Дәленов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде 2025 жылы алғашқы 20 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Үкімет отырысында «DoingBusiness» рейтингінде және басқа да рейтингтерде Қазақстанның позицияларын жақсарту жөнінде баяндама жасады.

«2050 жылға қарай әлемнің топ-30 экономикасына кіру үшін жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсімі қажет. Экономикалық өсудің тұрақты қарқыны ел экономикасына инвестициялар ағынымен сүйемелденеді. Бұл жерде инвесторлардың рөлі ерекше. Инвесторларға ең алдымен елдің инвестициялық ахуалы маңызды. Ол жаһандық рейтингтермен және индекстермен өлшенеді», - деді Руслан Дәленов.

Оның дерегінше, экономикаға инвестордың келуіне жеті көрсеткіш ықпал етеді. Олар: бизнесті жүргізудің жеңілдігі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, сауда және көлік инфрақұрылымының дамуы, кедендік ресімдеудің тиімділігі, халықтың орта және жоғары білім деңгейі, сондай-ақ тәуелсіз кредиттік рейтингтер.

«Инвесторлар осы көрсеткіштерге қарайды. Осылардың негізінде инвесторлар шешім қабылдайды. «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 2019 жылы әлемнің 140 елінің ішінде 28-ші орынды алды. Біз өзіміздің алдымызға 2025 жылы алғашқы 20 елдің қатарына кіруге мақсат қойып отырмыз. Бүгінгі күні бұл Финляндия, Австралия және Латвия сияқты елдердің деңгейі«, - деді ол.

Министрдің айтуынша, халықаралық сауда саласы, энергиямен жабдықтау жүйесіне қосылу, құрылысқа рұқсат алу, кредиттер алу және салық салу, сондай-ақ кәсіпорын мен меншікті тіркеу рәсімдері рейтингте тежеуші факторлар болып тұр.

»Қазақстанның өңірлері бөлінісінде, бизнесті жүргізу жағдайлары бойынша Алматы, Ақтау және Ақтөбе қалалары көш бастап тұр. Соңғы орындарда – Қарағанды, Өскемен және Тараз қалалары. Дүниежүзілік банктің келесі өңірлік шолуын 2021 жылы өткізуі жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар сол уақытқа өз позицияларын жақсарту үшін тежеуші факторларға назар аударулары қажет«, - деді Руслан Дәленов.


Соңғы жаңалықтар