+7 (701) 759 90 19
USD 384.97 EUR 427.12
RUB 6.04 CNY 54.75
Jańalyqtar

ТОП-10: Қостанай облысы биыл немен мақтана алады

2017 жылғы 31 желтоқсан 11:56
Бөлісіңіз:
ТОП-10: Қостанай облысы биыл немен мақтана алады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2017 жыл Қостанай облысында «Тарихқа тағзым жасау жылы» болып жарияланған болатын. «ҚазАқпарат» ХАА астықты аймақтағы жылдың елеулі он оқиғасына тоқталады.

Кейкі батырдың сүйегі жер қойнына тапсырылды

1

Кейкі батыр Көкембайұлының бас сүйегін жер қойнына тапсыру рәсімі тұтас ел үшін ерекше тарихи оқиға болды. 15 қыркүйек күні Аманкелді ауданына қарасты Тасты ауылының тұсында батырға арналып салынған кесенеге бассүйек жерленді. Шара республикалық сипатқа ие болды. Жерлеу рәсіміне Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Түрлі мәдени және спорттық шаралар, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Кейкі батырдың мүсінін Қостанай облысының музейіне сыйға тартты.

Шақшақ Жәнібектің ескерткіші ашылды

2

Қостанайда Жәнібек Қошқарұлының ескерткіші бой көтерді. Жоба бастамашысы - белгілі академик Кенжеғали Сағадиев. Тарихи тұлғаның тұғыры қаланың батыс жақ кіреберісіндегі айналма жолдың ортасына қойылды. Шақшақ Жәнібек ескерткіші құрылысына 270 тонна тас жұмсалды. Ескерткіштің өзіне Алматы облысында өндірілген қола пайдаланылды. Нысанның биіктігі - 14,45 метр. Ескерткіш авторы - белгілі мәдениет қайраткері Қадыржан Кәкімов. Батыр бабаға арналған бағдарламалар легі А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.

Индустриялық аймақ - экономикалық қуат

3

Жыл аяғында ашылған индустриялық аймақтың негізгі мақсаты - жеке кәсіпкерлерді қолдап, отандық және шетелдік өндіріс нысандарының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Өндіріс орны облыс орталығының солтүстік-батыс жақ қиырында, Федоров ауданына қарай шыға берісте орналасқан. Оны салу үшін 2,5 млрд теңге жұмсалды. Көлемі 400 гектар жерді алып жатыр. Әзірге 120 га аумақта құрылыс қарқынды жүруде. Қалған аумаққа тағы басқа инвесторлар тарту қарастырылу үстінде. Облыс әкімі А.Мұхамбетовтің айтуынша, алдағы екі жылда мұнда кем дегенде 10 өндіріс ошағы жұмыс істеуі тиіс.

Халықаралық инвестициялық форум өтті

4

«Kostanay-Invest 2017» - Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін көрсететін ашық диалог алаңы. Екі күн бойы жалғасқан ауқымды шараға ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Қайыров, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов, Қазақстан даму банкі басқармасының төрағасы Болат Жәмішев, Қазақстандағы Азия Даму банкі өкілдігінің директоры Джованни Капанелли және Бүкіләлемдік банк өкілі Ералы Бексұлтан қатысты. Форумның бірінші күні шетелдік меймандар Қостанайдағы ірі өнеркәсіп орындарының жұмыстарымен танысқан. Олар «Соколов-Сарыбай» кеніші, «Жас қанат - 2006» құс фабрикасы, «Баян сұлу» кондитер фабрикасында болып, өндіріс ошақтарымен кәсіпкерлік байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. Мәселен, Қазақстанмен тығыз әріптестік орнатқан халықаралық қаржы ұйымының бірі - Азия даму банкі. Еліміз аталған банкке мүше болған 23 жылда 5 млрд АҚШ долларының қаржыландыруы жүргізілді. Бұл көрсеткіш былтырдың өзінде 200 млн долларды құраса, биыл олар несиелеуді 40% арттыруды көздеп отыр. Халықаралық инвестициялық форумға Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Польша және Египеттен 100-ге жуық кәсіпкер атсалысты. 4 панельді сессияда 40-тан астам сарапшы өз жобаларын ұсынды. Сондай-ақ, Қостанай облысы шет елдермен әріптестік байланыс аясында 26 меморандумға қол қойды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, 2017 жылы Қостанай облысына 180 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 21,4 млрд теңгеге артық. Индустрияландырудың екінші бес жылдығында 25 ірі жоба іске асырылады. Оның құны - 628 млрд теңге. Барлығы 6 мың жұмыс орны ашылады.

6 мың көлік құрастырылды

5

«СарыарқаАвтоПром» ЖШС ұсақтүйінді өндіріс бойынша жаңа технологиялық əдісті іске қосты. Əдіс «монокок» деп аталады. Тың тəсіл бірінші JACS3 кроссоверіне қолданылды. Жалпы, биыл зауыт 6 мың автокөлік құрастырды. Бұл - зауыт тарихында бұрын соңды болмаған жағдай. Автобус өндірісі 12,4 есеге артты. 215 «Ивеко» маркалы автобус Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді тасымалдауға жөнелтілді. Сондай-ақ, 2126 жеңіл көлік шет елге өткізілді. Оның ішінде 1149 - «Хюндай», 290 - «Равон», 283 - «Джак», 173 - «Шевроле Нива», 119 - «Пежо» және 19 «Ссан Йонг» көліктері сатылымға шығарылды. Барлығы 41,6 млрд теңгенің өнімдері өндірілді. Кәсіпорынның өндірістік алаңында ANKAI атты автобустардың бірлескен серіктестігі іске қосылды. Автобустар «Еуро 5» экологиялық талаптарына сай келеді. Газбен де, дизельді отынмен де жүреді. Айта кету керек, көліктердің кейбір бөлшектері зауытта шығарылады. Бүгінде оның үлес салмағы 33%-ға жетті. Машина шанақтары төрт деңгейлі сырлаудан өтеді. Заманауи жабдықтар жұмысты сапалы, мүлтіксіз атқаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында ұсақтүйінді құрастыру цехы іске қосылғалы дәнекерлеу, сырлау, құрау сияқты жұмыстар жоғары сапада атқарылады.

Жаңа нысандар - тұрғындар игілігіне

6

2017 жылы облыста жаңа кәсіпорындардың саны артты, соны сапаға көшті. Өндірістік сала 4,1%-ға, ауыл шаруашылығы тауарлары өсімі 3,5%-ға еселенді. Индустрия 4.0 бойынша тау-кен өндірісі саласында да айтуға тұрарлық жетістіктер бар. Мәселен, «Соколов-Сарыбай» кен байыту орнында «ақылды кеніш» жобасы қолға алынды. «Милх» ЖШС қышқыл сүт өнімдерін шығаратын зауытын республикалық дәстүрлі телекөпір барысында Елбасы Н.Назарбаев іске қосып берді. Сонымен қатар, «Баян-сұлу» АҚ жанынан сникерс цехы, жеделсаты шығаратын зауыт іске қосылды. Ал қарақұмық өңдеу цехы жобасын «Мибеко» ЖШС қолға алды. Цех тәулігіне қуаттылығы 55 тонна қарақұмықты өңдеуге қауқарлы. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталды. Құрал-жабдықтар Голландия, Ресей, Түркия және Қытайдан әкелінген.

Бұған қоса қала тұрғындары көптен күтіп жүрген «Kostanay Plaza» ойын-сауық орталығы мен McDonald's тез әзірленетін тағамдар мейрамханасы ашылды. «Kostanay Plaza» - бұл облыстағы ең ірі ойын-сауық нысаны. Көлемі - 18424 шаршы метр. Ғимарат Қостанайдың солтүстік-батысындағы «Алтын Арман» шағын ауданында орналасқан. Ал McDonald's салу үшін қостанайлық кәсіпкерлер 780 млн теңге жұмсаған. Мейрамхана 100 адамға шақталған.

Шалғай ауылдарға ауыз су мен газ жетті

8

Биыл облыс тұрғындарын ауыз су және газбен қамту жұмыстары жоспарға сай іске асты. Атап айтқанда, Жітіқара ауданының Ырсай ауылындағы ауыз су құбыры желісі пайдалануға берілді. Ауыз су тарту үшін ұлттық қордан 271 млн теңге бөлінген. Биыл сол қаражаттың 244,6 млн теңгесі игеріліп отыр. Құбырдың жалпы ұзындығы - 13,7 шақырым. Оның 10 шақырымы - магистральдық желі, ал 3,7 шақырымы су таратушы бөліктен тұрады. Денисов ауданының Алчанов, Антонов ауылдарына және Қарабалық ауданының Тоғызақ, Ворошилов елді мекендеріне көгілдір отын берілді. Жалпы, екі жыл ішінде облыс бойынша 8 газ тарату бекеті ашылған. Осылайша, табиғи газды пайдалану көрсеткіші өңірде 10 пайызға көтерілді. Бүгінгі таңда Қостанай облысының 55% тұрғыны көгілдір отынға қосылған. 170 мыңнан астам абоненттің 1656-сы - заңды тұлғалар, жеке тұлғалар - 168 624. Алдағы екі жылда олардың саны 220 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр.

«Яндекс» агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырады

9

Қостанай облысының басшылығы «Яндекс» компаниясымен агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бойынша бір жобаны қолға алады. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Мәскеуге жұмыс сапары барысында экономикалық секторды цифрландыру мәселелерін талқылау үшін «Яндекс» компаниясының вице-президенті Марина Амелинамен кездесті. Нәтижесінде қос тарап агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бойынша келісімдерге қол қойды. Екіжақты құжатқа сәйкес, «Яндекс» компаниясының әзірлеген жобалары Арқалықтағы «ақылды» қала жүйесіне енгізілетін болады. Бұл қалада баламалы қуат көзін ендірудің алғашқы тәжірибелері іске асырылады.

Спортшылар сапқа қосылды

10

Беларусь Республикасының астанасы Минскіде өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында қостанайлық Ерлан Омаров топ жарды. «Алтын» медаль иесі алғашқы айналымдарда Польша мен Қытай спортшыларын ұтты. Содан соң тәжірибелі әзербайжандықты, жартылай финалда латвиялық балуанды жеңді. Ал, финалда атақты ресейлік, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Рослаков күтіп тұрды. Жарақатына қарамастан, белдесуді абыроймен аяқтап, ел қоржынына жалғыз «алтынды» сыйлады.

Грекияда самбодан өткен әлем чемпионатында рудныйлық Анатолий Векличтің қоржыны «алтынмен» толықты. Веклич былтыр Хорватияда өткен әлем чемпионатында әртүрлі салмақ дәрежесі бойынша 45 медаль жиынтығын иемденіп, рекорд жасаған. Жақында Италияның Ольбия қаласында дзюдо шеберлері арасында өткен әлем чемпионатынан да жүлделі оралды.

Халықаралық конькишілер одағының іріктеу қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы тоғыз жолдама жеңіп алды. Ал қостанайлық Денис Кузинде екі жолдама бар. Ол 1000 және 1500 метрге жүгіреді. Кузиннен бөлек, әлемдік додаға баратындардың қатарында Екатерина Аидова, Федор Мезенцев, Роман Креч, Станислав Палкин сынды танымал конькишілер бар. Айта кетейік, Кузин, Креч және Аидова Сочи мен Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан.

Мәдениеттегі жетістіктер: Тұңғыш рет республикалық күйшілер байқауы ұйымдастырылды, әнші Әmre Чехиядағы байқаудан Гран-При ұтып алды

Күйшілік өнерді дамытуға күш салған тұлғалардың бірі Сағын Жалмышев атындағы бірінші республикалық домбырашылар байқауы Қостанай өңірінде өткізілді. Домбырашылар додасына еліміздің 14 өңірінен 24 өнерпаз қатысты. Күйшілер конкурсында Айгүл Үлкенбаева, Назымбек Молдахметов сынды өнер майталмандары қазылық етті. Байқау нәтижесі бойынша арқалықтық Данияр Рысбековтің бағы жанып, бас жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ Әmre есімімен таныс қостанайлық жас әнші Ернар Садырбаев Прага қаласында өткен екі бірдей халықаралық ән байқауынан Гран-При жүлдесін ұтып алды. Ол алдымен, Ресей Федерациясының Чехиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен байқауда озық шықты. Екінші халықаралық вокал байқауы «Diamond voice festival-2017» деп аталады. Испания, Болгария, Грузия, Ангола, Ресей, Чехия, Колумбия сынды елдердің әншілерінің арасынан бас жүлде қостанайлық өнерпазға бұйырды. Ол бірінші кезеңде Моцарттың әйгілі Je dour ser der roses мюзиклін орындаса, шешуші турда «Құсни-Қорланды» шырқады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қасқырбай Қойшыманов

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT