ТОП-10: балалармен көруге болатын мультфильмдер топтамасы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бала тәрбиесінде мультфильмнің алатын орны ерекше. Бір қарағанда ойын-сауық контенті болып көрінетін анимациялық фильм балалардың құндылықтары мен көзқарастарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе, балалардың бос уақыты көп жаз мезгілінде мағыналы ой салатын мультфильмдерді көру олардың дүниетанымын кеңейтіп, көп дүниеге көзқарасын өзгертіп, сыни ойлау қабілетін дамыта түседі. Сонымен қоса мультфильмді бірге көру ата-ана мен баланың қарым-қатынасын одан әрі жақсартып, түрлі тақырыптарда ашылып әңгімелесуге мүмкіндік береді. Өйткені бұл анимациялық фильмдер тек балаларға ғана емес, үлкендерге де арналған. Сондықтан да соңғы жылдары жарыққа шығып, көрерменнің көңілінен шыққан мультфильмдер тізімін ұсынамыз.

«Энканто» (Encanto)

«Энканто» комедия-драмалық мюзиклі 2021 жылдың ең қызықты мультфильмі атанған. Сондай-ақ ол 2022 жылы «Үздік толықметражды анимациялық фильм» номинациясында «Оскар» сыйлығын жеңіп алған. Бұл мультфильмнің сюжеті тек Мадригал отбасының төңірегінде өрбиді. Колумбияда орналасқан, қол жетпес таулар арқылы әлемнен жасырылған аймақ туралы баяндалады. Онда бірнеше жыл бойы Мадригал отбасы сиқырлы үйде бақытты өмір кешіп жатады. Мирабельдің шытырман оқиғасы отбасылық құндылықтар негізінде құрылған. Сиқырлы үй отбасы мүшелеріне ерекше қабілеттер береді. Тек Мирабельге ғана сиқыр күші берілмейді. Мирабельдің өзгелер сияқты сиқырлы күшінің жоқтығы кемшілік емес, керісінше артықшылық болып шығады. Бұл арқылы авторлар көрермендерге елден ерекше талант, асқан шеберлік болмаса да, кез келген адам таңғажайып нәрсе жасай алатынын түсіндіреді. Ал жігерлі, бауырмал және адамгершілігі мол адам болу үлкен күшке немесе басқа да ерекше қабілетке ие болудан әлдеқайда құнды. Бұл да сиқырлы күштің бір түрі. Сондай-ақ мультфильмде Колумбия мәдениеті суреттелген.

«Коконың құпиясы» (Coco)

Бұл мультфильм - балалармен бірге көруге болатын барлық отбасы мүшелеріне арналған анимациялық фильм. Басты кейіпкер Мигель ойламаған жерден өлілер әлеміне аттанып, өз туыстарын кездестірген Мигельдің басынан кешкен оқиғаларын баяндайды. Мигельдің арманы Мексикада аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жалғастыру. Алайда оның отбасында музыкаға тыйым салынған. Тіпті үйдің ішінде бір де бір нотаның дыбысталмауы қатаң бақыланады. Бұл қалада «өлгендер күні» мейрамында қайтыс болғандардың аруақтары өздерін әрдайым еске алып жүретін туыстарының үйіне келеді деген сенім бар. Сондай күндердің бірінде Мигель әлдеқашан о дүниелік болып кеткен ата-бабаларын кездестіріп қалады. Осылайша әйгілі әншіні іздеп табуға жолға шығады. Мультфильм сюжеті әр әрекеттің арманға жасалған маңызды қадам екенін ұқтырып, көрерменді сырттай тілекші етіп қояды. Фильмде отбасылық қарым-қатынас құндылықтары мен бауырмалдылық сөз етіледі. Бұдан бөлек қыз бен әке арасындағы махаббат та қозғалады. Мультфильмнің әлем халықтары балаларына ұнағаны соншалық, кассалық жиналымы рекорд орнатқан.

«Андрюша күнделігі»

Басты кейіпкер Андрюша — ерекше бала. Бірақ күнделікті кішігірім кедергілерге қарамастан, ол шынайы әрі адал, тұла бойы сүйіспеншілікке толы бала болып қала береді. Қандай қиындық кездессе де мойынсұнбай әр кедергіні жеңіл қабылдайды. Мультфильм даун синдромы бар балалардың ата-аналарына таныс маңызды ерекшеліктерді көрсетеді. Осы ауру туралы аңыз әңгімелерді әшкерелейді. «Ерекше» адамдардың талантты және жан-жақты тұлғалар екенін түсіндіреді.

«Жан» (Soul)

Мультфильмде егде жастағы Джо Гарднер есімді мектепте ән-күйден сабақ беретін мұғалім туралы баяндалады. Ол сахнаға шығып джаз орындауды армандайтын. Бұл арманына қол жеткізер күн де келеді. Бір күні ол атақты саксофоншы Доротея Уильямспен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Қатты қуанған Джо жүгіріп бара жатып, аузы ашық тұрған кәріз құдығына құлап кетеді. Есін жиған ол о дүниеге апарар жолда тұрғанын түсінеді. Бұған сене қоймаған Джо қашып жүріп, адамды жердегі тәнге жібермес бұрын тұлға ретінде қалыптастыратын аймаққа тап болады. Өмірге қайта оралып, өз арманын орындау үшін Джо 22 жанның тәлімгері болады. Ол сол сәтті пайдаланып, жерге оралу үшін бәрін жасайды. Бұл мультфильмде адамның қалауы мен армандары қалай және қайда туатыны туралы сөз етіледі. Фильмді жасаған авторлар тұлға болып қалыптасу, өзін және өмірге құштарлық сыйлайтын нәрсені іздеу тақырыптарына аса мән берген. Фильмде жеңіл, көңіл-күйді көтеретін көріністер де бар. Сонымен қатар мәні терең диалогтар арқылы еріксіз ойландырып қоятын сәттер де жеткілікті.

«Лука» (Luca)

«Лука» – жас итальяндық режиссер, «Оскар» сыйлығының номинанты Энрико Касаросаның алғашқы лентасы. Бұған дейін Касароса «Жоғары» және «Коконың құпиясы» мультфильмдерінде кадрға бөлетін суретші болған. «Лука» аты әлемге әйгілі композитор Эннио Морриконеға арналған. Сюжетте Италияның Ривьера жағалауында кездескен екі дос Лука мен Альбертоның қызық күндері баяндалады. Оқиға олардың ешкімге айтпаған құпиясы желісінде өрбиді.

«Ержүректер қаласы» (Big Hero 66)

Хиро Хамада – жас өнертапқыш. 14 жастағы жасөспірім болса да, робот жасаудың хас шебері. Бала түрлі қиындыққа тап болған кезде Бэймакс оның ең жақын досына айналады. Бэймакс адамдарды емдеп, қамқорлық көрсету үшін жасап шығарылған. Аталған үрлемелі робот өзінде бар сканер құрылғының көмегімен дене температурасын өлшеп, ауырсынудың қандай дәрежеде екенін анықтайды. Оны Хироның ағасы Тадаши Хамада құрастырған. Екеуі бірігіп ойға алған мақсаттарын жүзеге асыруға көмектесетін команда жинайды. Мультфильм барысында қиын жағдай болып, Хиро ағасынан айырылады. Ауыр жағдайда оған көмекке Бэймакс және достары келеді. Бұл мультфильмде достықты бағалауға, мейірімділік, қамқорлық және білімге құштарлықты үйрететін сәттер көрсетілген.

«Аңдар шаһары» (Zootopia)

Джуди Хопс — тәртіп сақшысы болуды армандайтын кішкентай ғана қоян. Аю, бұқа, жолбарыс секілді айбатты аңдар арасында оны бұл арманы үшін сөгетіндер көп. Өйткені, оның кішкентай денесі қорқыныш тудырмайды. Соған қарамастан Джуди арманынан бас тартпайды. Өзінің өзге мықты қырларын өз саласында жетістікке жету үшін пайдалана біледі және жануарлар арасында тепе-теңдік орнайтынына кіршіксіз сенеді. Бұны көрген балалар қоғамды әлсіз, мықты деп бөлмеу қажеттігін және арман деген ұғымның көп еңбекті талап ететінін ұғынады.

«Түзелмейтін Рон» (Ron's Gone Wrong)

Кез келген баланың досы болуы керек. Оған робот та дос бола алады: мұндай робот қозғалады, сөйлейді және ең бастысы, интернетке қосыла алады. Ол өз иесіне әлеуметтік желілерге жазба салуға көмектеседі, соңғы тенденциялар жайлы айтып отырады және иесін сыныптастарымен байланыста ұстайды. Барни де туған күніне көптен күткен роботын сыйлыққа алады. Алайда оның Рон есімді роботының ақауы бар болып шығады. Сондықтан ол роботына барлығын өзі үйретуді шешеді.

«Басқатырғыш» (Inside Out)

Мультфильмде басты кейіпкер Райлидің балалық шағы суретеледі. Ол –қарапайым 11 жасар мектеп оқушысы. Кенеттен оның өмірі өзгеріп шыға келді. Оның мінез-құлқын бес негізгі эмоциямен сипаттауға болады: қуаныш, қайғы, қорқыныш, ашу және жек көру. Бұл эмоциялар қыздың санасында өмір сүреді және күн сайын оның барлық әрекетін басқара отырып, қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Мультфильмде адамның түрлі сезімдері айқын көрсетілген. Бұл балалар мультфильмі барлық отбасыға арналған психология сабағы десек те болады.

«Супер отбасы 2» (Incredibles 2)

Кішкентай көрермендердің көзайымына айналған супер отбасы туралы анимациялық фильмнің жалғасында Парр әулеті үшін қиын кезең басталады. Үйдің отанасы арнайы тапсырмамен алысқа кеткенде, бала тәрбиесінен бастап, үй ішіндегі барлық шаруа отағасының мойнына артылады. Осы кезде тіпті супер отбасында да түсініспеушіліктер болатынын көреміз. Алайда аналарының басына қауіп төнгенде отбасы мүшелері бәрін ысырып қойып, бірлігін паш етті. Бұл фильм арқылы адам қанша күшті болса да, жалғыз жүргенде ісі өрге баспайтынын, жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін ұғуға болады.


Соңғы жаңалықтар